Биыл бизнесті бақылаудың 35 саласы автоматтандырылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Өткен жылы 35-і автоматтандырылған

Фото ашық дереккөзден

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында кәсіпкерлік саласындағы бақылау туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Өткен жылдың өзінде бақылаудың 35 саласы автоматтандырылды, осы жылдың соңына дейін бақылаудың қалған 35 саласы автоматтандырылатын болады. Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады, яғни шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адам қатысуынсыз тексерістер жүргізіледі.

Бұл заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендете отырып, бақылау және қадағалау органдарын проблемалы бизнес субъектілеріне ретке келтіруге және шоғырландыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Қуантыров атағандай, осы жұмыстың нәтижесінде жоспарланған бизнесті тексерулер екі есеге қысқаруы, ал әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны айтарлықтай азаюы мүмкін.

«2022 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде 1,3 трлн теңгеден астам кредит сомасына 46 мың жоба субсидияланды және кепілдендірілді. 136 мың консультациялық және 26 мыңнан астам сервистік қызметтер ұсынылды. 2023 жылдың 5 айында 586 млрд теңгеден астам кредит сомасына 10,2 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік жобасы субсидияланды және кепілдендірілді, сондай-ақ 65 мыңнан астам консультациялық және 12 мың сервистік қызметтер ұсынылды», - деді ол.

Биылға субсидиялауға және кепілдік беруге 266 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 96 млрд теңгеге артық.

«Сондай-ақ министрлік әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы әйелдер кәсіпкерлігіне қаржылық емес қолдау көрсетеді. Орталықтың қызметтері қажеттіліктерді анықтау, бейіндік оқыту, бизнес-шолу, тәлімгерлік, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде жергілікті шикізаттан өнім өндіру және жылжыту жөніндегі қызметтер спектрін қамтиды», - деді ол.