Сүлейменова суармалы егіншіліктегі су тапшылығы қалай шешілетінін айтты
Биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтуі үшін бірқатар іс-шара жүзеге асырылған
Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова егіншіліктегі су тапшылығы мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Соңғы жылдары суармалы егіншілігі дамыған еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Министрлік осы жылдың вегетациялық кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың желтоқсанынан бастап дайындық жұмыстарын бастады. 2022-2023 жылдардың вегетацияаралық және вегетациялық кезеңдеріндегі жұмыс жоспары бекітілді, оның аясында қазіргі уақытта бірнеше бағыттарды қамтитын сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылып жатыр»,- деді Сүлейменова.
Министр мәселені қалай шешу керек екенін айтты:
- Фермерлерді суармалы сумен және жоғарғы ағыста орналасқан су қоймалардан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша іргелес мемлекеттермен жұмыс жасау;
- Гидротехникалық құрылыстардағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
- Суару жүйесінің магистралдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау;
- Су үнемдеу технологияларын енгізу.
«10 мамырда Душанбе қаласында Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы қомиссиясының 84-отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды режимі келісілді, соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су 4,2 млрд м3 құрауы тиіс, «Достық» каналы бойынша 920 млн м3 көлемінде су беру жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған су жіберу кестесі толық көлемде орындалмай отыр, осыған байланысты министрлік бекітілген кестеге сәйкес келетін суды қамтамасыз ету бойынша контр-серіктестермен жұмыс жүргізіп жатыр»,- деді ол.
Сонымен қатар министр тағы қандай бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«22 маусымда Қазақстан-Тәжікстан-Өзбекстан үш жақты форматында осы жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимінің кестесі бекітілді, оның шеңберінде вегетация шыңына «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне қосымша 490,8 млн м3 су түседі деп болжанып отыр. Шу және Талас өзендерінің бассейіндері бойынша мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілерінің су беру кестелері бекітілді. Мәселен, 2023 жылдың вегетациялық кезеңінде Шу өзені бойынша жалпы келетін судың көлемі – 153,95 млн м3 (ГМК -120,12 млн.м3), Талас өзені бойынша – 178,42 млн м3», - деді ол.