Біз қабылдаған кез келген заң халыққа пайдасын тигізіп, елдің дамуына көмектесу керек - Нартай Аралбайұлы

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Мәжіліс депутаты VIII шақырылымның жұмысын қортындылап, алдағы жоспарымен бөлісті 

VIII шақырылымның депуттары жуырда демалысқа шықты. Небәрі үш ай шамасында ғана жұмыс істеген депутаттар ала жаздай демалып қана қоймай, өздері сайланған өлкедегі елді аралап, халықтың көкейінде жүрген мәселелері мен мұң-зарын тыңдайды. ҚР Паламент Мәжілісінің 85 депутаты мен Жоғары аудиторлық палатадағы 50 депутат қыркүйекке дейін қарап жатпайды. Аз уақыт демалған соң, елді мекендерді аралап, ел аманатын тағы да Парламент мінберінде көтермек. Жүз күндей жұмыс істегенде депутаттар қандай проблемалардың шешілуіне ықпал ете алды? Заң шығарушы органның мүшелері елдің дамуына оң ықпал ететіндей қандай заң жобаларын талқылап, олардың қаншасын қабылдады? Қандай өзекті сауалдарды мінберден көтеріп, көптің көкейіндегі мәселенің шешілуіне ықпал етті? Azattyq Ruhy тілшісі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевпен сұхбат құрды.

- Нартай Аралбайұлы, үш ай шамасында жұмыс істеген Парламенттің осы жолғы депутаттары белсенді көрінді. Алты партиядан құралған мәжілісмендер осы аралықта 82 заң жобасын қарап, оның 25-ін қабылдап жіберген. Сіз қабылданған қандай заңның мемлекетке, халыққа тигізер пайдасы мол болады деп санайсыз? 

Еткен еңбекте кеткен кемшілік болмауын тілеп ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты ретінде бірінші сессияны аяқтадым. 19 заң жобасы бойынша жұмыс тобында мүше болдым. Оның ішінде Сенаттағы жұмыс тобында  – 2, тағы 7 заң жобасы Президентке қол қоюға жолданды. Мәжілісте тағы 6 заң жобасы бойыша жұмыс жалғасуда. Талқылаудан өтіп, қабылдаған екі заң жобасына Президент қол қойды. Тағы екі ауқымды заң жобасы бойынша әлі жұмыс тобы басталмады. Өзім үшін үлкен жетістік деп бағалайтыным: «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасына бастамашы болғаным! Мәжілісте аталған Заңға бастамашы болған 9 депутаттың бірі болу мен үшін абырой! Енді еліміздің байлығын ұрлап қашқандардың жегендерін желкесінен шығарар сәт келді. Мәжілістің пленарлық отырыстарында 5 депутаттық сауал жолдадым. 100-ге жуық хат жолданды. Халықтан келген арыз-шағымдарды және жолдадым құзырлы орындарға. Әлеуметтік тұрғыда жұмыс істедік, өзін-өзі басқару деген заң бар ғой, соның ішінде жекелеген кәсіптік біліктілік бар. Соның бәрін, заңдарды өткіздік. Қазір ең басты мәселенің бірі- масс-медиа туралы заң болып тұр, соны талқылап жатырмыз. Онлайн платформалар туралы заң аяқталды.

Біз қабылдаған кез келген заң халыққа пайдасын тигізіп, елдің дамуына көмектесу керек. Сондықтан біз әлі де жан-жақты жұмысты жалғастырамыз. Енді мынау, Заңсыз автивтерді қайтару туралы заң қабылданды. Сол заңның халыққа берері көп болуы керек деп санаймын. Өйткені, мынау отыз жыл бойы халықты, Қазақстанды тонаған, қанаған тойымсыздардың жегенін желкесінен шығаратын сәт туды. Осы заңға тоғыз депутат бастамашыл болдық. Сол заңнан көп үміт күтеміз. Одан бөлек өзін өзі басқару деген жергілікті жердегі қоғамдық бақылаулар бар. Назарбаев зияткерлік мектебі сынды ешкімге ырық бермей келген компанияларда қоғамдық бақылауға қаарйды. Қазақстанның байлығын алып отырған, қаражатын астына басып отырған компаниялар қоғамдық бақылауға бағынады. Осы тұрғыдан қабылданған заңның да пайдасы елге көп деп санаймын. 

- Депутаттар Үкіметке сауал жолдап, сынап, сұрақтың астына алып жатқанынан хабардармыз. Министрлер немесе комитеттің өкілдері сауалдарға қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Мінберде көтерген мәселелерге, сауалдарыңызға жауап қанағаттанарлықтай жағдайда келетін шығар?

Парламентке біздің келгенімізге 100 күн ғана болды. Үкімет мүшелерінің қағаз жүзінде емес, алдымызға келіп жауап бергенін талап етеміз. Олар өтірік айтқанды қоюы керек. Үкіметке жолданған сауалдардың жауабына риза емеспін. Әлі сол сырғытпа, қағаз жүзінде қарық қылып жатырмыз деген сырғытпа жауаптар. Өтірік айтқанды қою керек. Үкіметтің беретін жауаптарына менің көңілім толмайды. Бүгінге дейін 5 депутаттық сауал жолдадым. Үшеуінің жауабы келді. Біреуі – буллинг, екіншісі – жануарларға жауапкершілікпен қарау, үшіншісі – БҚО-ның жол мәселесі. Осы үшеуіне жауап келді, бізде баға қою мүмкіндігі бар. «Қанағаттанбаймын» деп баға қойдым. Үкіметке қайтадан хат жазып жібердім және «мен білдірген ұсыныстарды толықтай енгізуді талап етемін» дедім. Өйткені келген жауаптары баяғы отыз жылғы жүйеге үйреніп қалған, қатып қалған жауаптар. Өтірік шаблон, нақты жауап жоқ. Қағаз бетінде қатырдық деп берген, бірақ біз шынайы дүниені халықтың арасынан шыққан соң білеміз. Сондықтан өтірік айтуды доғару керек, Үкімет дұрыстап жұмыс істеуі керек. Талап-тілектерімізді орындау керек. Талабымыз - тек халықтың мұңы. Сондықтан біз айтқан мәселені шешу керек. Үкімет мүшелеріне қажет болса ауызша жауап беру тәртібін енгізу керек. Біздің хатымызға көңіл толмайтын жауаптар келеді. Осы нәрсеге қапа болдым.

- Депутаттардың қатысуымен кеңейтілген отырыстар да өткізілді. Қандай іске бастамашыл болдыңыз?

Мәжілістегі «Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің» мүшесімін ғой. Сол жерде әріптестеріммен бірге 2 кеңейтілген отырыс ұйымдастырдым. «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы» тақырыбындағы кеңейтілген тақырыптық отырысын өткіздім. «Қазақстандағы діни ахуал. Радикализм мен экстремизмге қарсы күрес. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың насихатталуы» тақырыбындағы кеңейтілген тақырыптық отырыста өте тартысты өтті. «AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңесінің төрағасымын. Аталған кеңестің 3 отырысын өткіздік, қызу талқылау болды, өткір сын айтылды. Кеңестегі әріптестеріме мың алғыс!

- «Халықтың батасын алудан артық бақыт жоқ. Ағайын, сіздер аман болыңыздар! Жаратқан Қазақтың қажетіне жарауды жазсын!» деп толғаныпсыз бір жазбаңызда. Сол халықтың күн көрісін, тұрмыстағы ахуалын қалай деп бағалайсыз?

Халықтың арасында жүрмін, әрине, кедейшілік, жоқшылық бар, табысы жетпей қиналып, қаңғырып жүрген қазақ бар. Сондықтан табысы жетеді деп өтірік айтпайын. Халықтың әлеуметтік жағдайы қиын. Әсіресе, ауылдарда тіптен қиын. Демалыс, саяхат демей-ақ қояйық, айдан айға ақшасын әрең жеткізіп жүрген халық өте көп. Оның ішінде өрт сөндірушілер, орман шаруашылығы мамандарымен кездесіп келе жатьрмын. Естіп жатырмын, Оралда орман шаруашылығында істейтін мамандар 70 мың теңге алады. 70-ақ мың! Кеше президент 100 пайызға өсіреміз деді, ал Экология министрлігі орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілерді, трактор жүргізетіндерді, бухгалтер сынды тағы басқа мамандарды солардың қатарына енгізбей тастады. Мына жақта мұңын шағып, масқара болып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі бәрінде бірдей жақсы  демеймін. Әлеуметтік тұрғыда көмекке мұқтаждар өте көп.

 - «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен жасалатын реформаларымыз да бар. Осы тұрғыдан алғанда, «Ықпалды Парламентке» айналудың алғышарттарын сездіңіз бе?

Үкімет мүшелерінің жауабына көңіліміз толмайды деп жатырмыз. Сондықтан, Парламентті ықпалды қылуға тырысамыз және оны ықпалды қылатын да біз. Менің Парламентке келгеніме үш-ақ ай болды. Сондықтан, оған нақты жауап беретін сәт келген жоқ деп ойлаймын.

- Бір әріптесіңіз депутаттың айлығын айлық деп бағаламайтынын, қайырымдылыққа аудара салатынын айтты. Сөзіне қарасақ, айлығының нақты көлемін де білмейтіндей. Жалақыңыз жайлы өмір сүруге жете ме?

Депутаттың айлығы құдайдың бұйыртқаны. Бекітілген тәртіп, аз-көп деп баға бере алмаймын. Бірақ, жалпы халықтың айлығы өссе деген тілегім бар. Қымбатшылық жайлаған уақытта әкеміз бен анамыздай адамдардың қол жайып жүргенін көргенде қатты қапаланам.

- Демалысқа шықтыңыздар. Қай елдің аралын аралап, теңізіне шомылам деп жоспарладыңыз?

Демалысты ойлап жатқан жоқпын. Батыс Қазақстан облысына кеше келдім. Халықпен кездесем. Бірінші күнімді өрт сөндірушілерге, орманшыларға арнаймын. Одан кейін жылу электр орталықтарын аралаймын. Жол мәселесі бойынша жұмыстар өте көп. Оралдан Ресейге дейінгі жол мәселесі бар. Киіктердің мәселесі ол да шешімін таппаған. Батыстағы шаруалар шырылдап, киіктің проблемасын біржақты қылуды айтып жүргендеріне бірнеше жыл болды. Осыларды көтерем. Бірнеше жерде қоғамдық бақылау өткізем. Мектептерге де барамын. «ArtSport» мәселесі тағы бар. Осының бәрімен жұмыс істейміз, арыз-шағым қабылдаймыз. Тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Бұл ресми түрде жіберіліп жатқан іссапар. Одан бөлек те жұмыс жоспарлар бар, елмен тығыз жұмыс істей береміз.

Сұқбатыңызға рақмет!