Жетісу облысында балабақша бухгалтері 38 млн теңге ұрлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Кінәлілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Жетісу облысында балабақшаның есепшісі бюджет қаражатын ұрлаған. Ақсу ауданындағы балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 40 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттің қаражатын жымқыру фактісі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталған. Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (аса ірі мөлшерде ұрлау).

«Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тексеруде. Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.