Жеңімпазға «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге бұйырды
Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтық белдесуде Маңғыстау облысының палуаны Нұрдәулет Жарылғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. «Қара Бура» лақап атымен танымал палуан Нұрдәулет Жарылғапов «күміс белбеуді» місе тұтты.
Үшінші орын үшін белдесу Павлодар облысының палуаны Мұхтар Дәлелханұлы мен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Марат Байкамуров арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Мұхтар Дәлелханұлы қола белбеу иегері атанды.
Еске сала кетейік, елордада Астана күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирі өтті. Жарысқа өңірлерде іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Қазақстан барысы – 2023» финалына жолдама алған мықты палуандар қатысты. Қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келеді.
Әр өңірден екі спортшыдан қатысты, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Биыл қатысушылардың жалпы саны – 41 палуан: әр өңірден екі спортшыдан, сондай-ақ «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің және өткен жылғы іріктеудің жеңімпаздары қатысты.
Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ серіктестер қатарында «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті Жұлдыз» АҚ.