Абай облысындағы орман өрті: «Семей орманы» резерватының басшылығы қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Бас прокуратураның баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртіне қатысты ақпарат таратты

Бас прокуратура Абай облысындағы 15 адамның өліміне әкеп соққан орман өрті бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысында «Семей-Орманы» резерваты мен Жаңа Шүлбі филиалының басшылығы күдікті ретінде танылды.

«2023 жылғы 1 шілдеде олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу). Олардың жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, оларға «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр және өрттің барлық ықтимал нұсқалары пысықталуда, олардың арасында қасақана өртеу, табиғатта ақаулы техниканы пайдалану, найзағай разряды және басқалары да бар.

«Сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша Төтенше жағдайлар және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне/әрекетсіздігіне құқықтық баға берілетін болады», - делінген хабарламада.