Түркістанда пантеон салына ма: «AMANAT» форумында мәслихат депутаты тұрғындар өтінішін жеткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол пантеон салу тарихи тұлғаларды ұрпаққа таныту екенін айтты

Астана қаласында өткен «AMANAT» партиясның  барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық бірінші форумының пленарлық отырысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Түркістан қаласында пантеон салу бойынша ел аманатын ауызша жеткізіп, депутаттық сауалын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында киелі шаһарға жасаған сапарында «Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ» деп қалаға ерекше баға беріп, оны қай бағытта дамыту керек екенін айтқан болатын.

Біраз жылдардан бері Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері көтеріп жүрген Түркістан қаласында елімізге еңбегі сіңген ұлт зиялылары мен түркі елдерінің қоғам қайраткерлерін жерлейтін пантеон салу мәселесін түркістандық ақсақалдар биылғы көктемде халықпен кездесулерде тағы да көтерген болатын», - деді Қалыйма Жантөреева.

Облыстық мәслихат депутаты бұл ұсыныстың «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «Мирас» кеңесінде талқыланғанын атап өтті.

«Мұндай «Ұлттық пантеондар» Франция, Австрия, Германия және өзге де дамыған елдерде бар.  Жоба бойынша Түркістан – Шәуілдір тасжолы бойында пантеон салуға 50 гектар жер қарастыру қажеттігі туындауда. Жоба жүзеге асырылған жағдайда ұсынылып отырған пантеонның рухани астанамыздың түркі әлемінің үлкен символдық капиталы әрі қаржы көздерінің бірі болатыны, облысымыздың ішкі туризмінің ең тартымды орындарының біріне айналып, ескіміз қайта жаңғырып, руханиятымыздың мызғымас діңгегіне айналатыны сөзсіз», - деді Қ. Жантөреева.

Депутат ел сұранысын билікке жеткізу азаматтық парызы екенін айтты.

«Егер де киелі Түркістанда пантеон салынып оған алғашқы болып алаш арыстарының топырағы, арманда кеткен Мұстафа Шоқайдың қабірлерінің топырағы алып келіп қойылса, тарих қойнауында жатқан тәуелсіздіктің жалауын көтеруді арман еткен ұлы бабаларымыздың рухы шалқып, ұлт көсемдерінің әлемге танымалдығы арта түсер еді.

Мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты әрі облыстың Құрметті азаматы, «Мирас» қоғамдық кеңесінің облыстық төрағасы ретінде ел сұранысын билікке жеткізу азаматтық парызым», - деді ол.