Бүгіннен бастап «Сұңқар» ТК аумағы қоршалады
Алматыдағы «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің аумағында жергілікті тұрғындардың бірінде коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантин енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«19 наурыздан бастап «Сұңқар» ТК аумағы қоршалады, периметрі бойынша 4 бақылау-өткізу пункті орнатылады. Тұрғын үй кешенінен тұрғындардың ешқайсы кете алмайды, сондай-ақ қонақтарды қабылдай алмайды. Кешен тұрғындары өз тұрғын үйінен кетпеуі керек, жерасты паркингіне түсуге тыйым салынады», - деп жазылған әкімдік таратқан ақпаратта.
Кешеннің жұмыс істейтін барлық тұрғынын жұмыс берушілерінен қалыптасқан жағдай туралы ескерту сұралған. Карантин 15 күнтізбелік күнге созылады және қажет болған жағдайда ұзартылады.