«Олардан қаһарман жасамау керек»: Тоқаев қылмыстық топтардан төнетін қауіп туралы
Мемлекет басшысы қылмыскерлермен ымырасыз күрес жүргізілуге тиіс екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында қылмыстың ұйымдасқан түрлері мемлекет пен қоғам үшін зор қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті.
Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жалпы заңға бағыну мен құқықбұзушылықтың ара-жігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталды.
«Тағы да қайталап айтамын. Қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқықбұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ», - деді ол.
Президент сондай-ақ полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы, ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет екенін атап өтті.
«Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз.
Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет», - деді ол.