Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүрміз – Бейсенбаев

Аягөз Құрмаш

Депутат жатақхана мәселесін көтерді

Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүрміз – Бейсенбаев
Фото Әли Ғалымдыкі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жатақхана мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Бүгінде студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені анық. Соңғы 3 жыл бойы «АМАНАТ» партиясы студенттердің жатын орын мәселесін жүйелі көтеріп, шешіп келе жатыр. Жылда ең болмағанда тағы 10 мың студенттің жағдайын жақсарту партиямыздың «Халықпен бірге» бағдарламасында арнайы көрсетілген. Ол үшін біз 2023 жылдан бастап жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік тапсырыс төлемін 1,5 есеге, ал мегаполистерге шамамен 2 есеге көтеріп, әкімдік тарапынан жер учаскесін қайтарымсыз беру мәселесін де пысықтадық», - деді ол.    

Депутат атағандай, биыл тағы да мәселе ушығып тұр.   

«2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, бұл процестің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 проценті ғана іске қосылды. Бұл - бір. Екіншіден, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұр. Яғни қойылған меже де, берілетін студенттік жатақханаларда салынбайды деген сөз», - деді депутат.   

Оның айтуынша, бұл мәселе депутаттардың назарында үнемі болған.

«Алайда, Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүрміз. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетуде. Оның ішінде, білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырудың қажеті жоқ. Меніңше, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын. Биылғы сайлау науқанында «АМАНАТ» партиясы студент жастармен бірнеше рет кездесті, олардың стипендиясын көтеру мен әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша ұсыныстарын орындайтынымызды жеткізгім келеді. Ол үшін біз қолдаған Үкімет 24 сағат жұмыс жасауға дайын болуы керек. Жастардың мәселесін қаперден шығармаймыз да, шығартпаймыз да», - деді Елнұр Сабыржанұлы.

Осы ретте депутат аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып бірқатар ұсыныс жасады:

  • Біріншіден, жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тезарада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз.
  • Екіншіден, инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, алдағы жаз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндектерін заң аясында пайдалануды қарастыру.
  • Үшіншіден, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажеттілігінің уақыты келгенін жеткіземіз.

«Күздік оқу науқанында вокзалда, далада қонған жас ауылдастарымызға аянышпен қарамау үшін, нәтижелі жұмыстарды пысықтау керек», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.