Атырауда мектеп директоры туыстарын қағаз жүзінде жұмысқа алып, ай сайын жалақы аударып отырған
Тергеуде осы қитұрқылық арқылы мемлекетке 23 миллион теңге шығын келтірігені анықталды
Атырауда мектеп директоры қызмет орнын май-шелпекке айналдырған. Ол орынбасарымен қосылып, туыстарын қағаз жүзінде жұмысқа алып, ай сайын жалақы аударып отырған. Осылайша басшылардың бар әулеті үйде жатып-ақ табыс тауыпты. Бұны антикор кезекті талдау жұмысы барысында анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Екі басшы он туысына еңбекақы аударып қана қоймай, жалған жүктемелер жасап, оған берілетін қосымша ақыны да алып отырған. Тергеуде осы қитұрқылық арқылы мемлекетке 23 миллион теңге шығын келтірігені анықталды. Алайда тергеу толық аяқталмай жатып, нақты қай мектептің май-шелпекке айналғанын айта алмаймыз дейді құзырлы орган өкілдері. Бюджет қаржысын осындай жолмен жымқыру дерегі өзге де білім ордаларынан анықталған.
«Еңбекақы бойынша талдау жүргізілді. Талдауда көптеген кемшілік анықталды. Атырау қаласындағы бір мектепте мектеп директоры мен оның орынбасары өзінің ағайындарын, оның ішінде ұлын, екі қызын, келіндерін, сондай-ақ күйеу баласын жұмысқа орналастырып, іс жүзінде орналаспаса да, штатқа тіркеп, олардың жалақысын өздері пайдаланған», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы департаментінің превенция бастығы Жәнібек Қаражанов.