$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында 696 оқушы мектепті Алтын белгімен бітірді

«Алтын белгі»  иегерлерінің басым бөлігі ауыл мектебінен шыққан түлектер

Алматы облысында 696 оқушы мектепті Алтын белгімен бітірді

Алматы облысында биыл мектепті 12 мыңнан астам түлек бітірсе, олардың 696-сы «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еліміздің басты құндылығы – дарынды жастар. Сіздер Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Мемлекетіміздің гүлденуі сіздердің еңбекқорлығыңызға, тілектеріңізге, мүмкіндіктеріңіз бен таланттарыңызға байланысты. Сіздерден Отан игілігі үшін жаңа жетістіктер күтеміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.

«Алтын белгі» иегерлері жоғары оқу орындарына түсу кезінде басымдыққа ие. «Алтын белгі»  иегерлерінің басым бөлігі ауыл мектебінен шыққан түлектер.

«Оқу барысында көмек көрсетіп, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма, ата-анама алғыс айтамын. Жақында біз студент боламыз, содан кейін - әрқайсысы өз мамандығының мамандары боламыз, онда біз міндетті түрде білімімізді қолданамыз. Мен Қазан мемлекеттік энергетика университетіне «Атом электр станцияларын жобалау» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ал бүгінде облыс әкімінен университетті бітіргеннен кейін осы уақытқа дейін салынуы тиіс атом электр станциясына маман болып келіп, жұмысқа тұруға шақырту алып үлгердім. Бұл менің туған өлкемнің дамуына қосқан жеке үлесім болмақ», – деді Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы С.Бердіқұлов атындағы мектептің түлегі Владислав Земляных.

Кездесу шағын концертке ұласып, зерек ұл-қыздардың ата-аналарын құттықтаумен жалғасты.

«Бұл ерекше төсбелгіні әркім ала алмайды. Үйде қызымыздан тек тамаша білім ғана талап етпеген едік, оның еңбекқорлығы мен үздік болуға деген зор ұмтылысының арқасында ол өз мақсатына жетті. Қызымызбен мақтанамыз, ол біздің нағыз алтынымыз», – деді Райымбек ауданы, Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Ақпейіл Нұрболатқызының анасы.

Мұндай нәтижеге мемлекеттің білім беру саласына жүйелі қолдау көрсетуінің арқасында қол жетіп отыр. Білім сапасын арттыру үшін облыс әкімдігі «50 мектеп» жобасын қаржыландырып, облыстың 50 мектебіне «Білім-Инновация» лицейлерінің білім беру тәжірибесін енгізуді бастады. Оның аясында 50 дарынды мектеп оқушылары 35 күн бойы Астанада өтетін жаратылыстану пәндері олимпиадасына дайындық бойынша тегін курстардан өтеді. Өткен жылы облыс әкімдігі аз қамтылған отбасы балаларына 100 грант бөлді. Биыл тағы 100 грант педагогикалық, медициналық, ауылшаруашылық мамандықтарына бөлінеді.

Серіктес жаңалықтары