Алматыда коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 798 адам анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов карантин талаптарын орындамаған жандарға қандай жаза қолданылатынын айтты

Алматы қаласының Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов онлайн-брифинг өткізді. Ол тұрғындарды қолданылып жатқан тиісті шараларға түсіністікпен қарауға шақырды. Егер тұрғындар қолданыстағы заң аясынан аттап, билік өкілдерінің нұқсауына құлақ аспаса, қатаң жазаланатынын еске салды.

«Заңды талаптарға немесе жергілікті жердегі тиісті органдардың жарлығына бағынбаса, төтенше жағдай уақытында 2 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеу немесе осы мөлшерде түзету жұмыстарына жегу, алты жүз сағат мөлшерінде қара жұмыс істету, екі жылға бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады», - деді қалалық ПД басшысы.

Қ. Таймерденовтың айтуынша, кешеден бастап қала гарнизонының жеке құрамы қызмет көрсетудің күшейтілген деңгейіне көшкен.

«Полицияның негізгі міндеттері – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Департамент тарапыннан коронавирустық инфекцияның алдын алуға және оған тосқауыл қоюға бағытталған шаралар жасалып жатыр», - деп айтылды онлайн-брифингте.

Алматыда коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 798 адам анықталған.

«Басқа да мемлекеттік органдармен біріге отырып, инфекция жұқтырған азаматттармен қарым-қатынаста болған тұлғаларды іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні Алматыда осындай 798 азамат анықталып, олар медициналық мекемелерге жеткізілді. Аса маңызды мемлекеттік нысандар мен мекемелер тәулік бойы күзетілуде», - дейді департамент басшысы.

Айта кетейік, ҚР Президенті қарамағындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының шешімімен Алматы қаласында да 19 наурыз сағат 00-00-ден бастап карантин режимі енгізіледі.

Басты мақсат – қаланың сыртқы аумағын бақылап және қаланың ішіндегі карантин режимін қатаң қадағалау арқылы инфекцияның таралуын тоқтату. Алматының шекарасынан автокөліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады, осыған байланысты қаланың барлық кіреберістеріне және 10 магистралды жолға 27 блок бекеті қойылады, ол жерге күнделікті полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министірлігі жауынгерлері жұмылдырылады. Полиция департаментінде колл-орталық құрылып, онда азаматтардың барлық сұрақтарына жедел жауап беріледі.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы