ArtSport бағдарламасы бойынша балаларға бұрынғы сутенерлер мен жезөкшелер сабақ берген – депутат

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Нартай Сәрсенғалиев мемлекеттік органдардың салғырттығы туралы айтты

Фото ашық дереккөзден

«Балаларды спорттық жаттығулар мен өнер үйірмелеріне баулып жүргендердің арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар көп. Бұл қойды қасқырға бақтырғанмен бірдей» деп дабыл көтерді Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы. Депутаттың келтірген мәліметтеріне прокуратура өкілі жауап берді,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.

Құзырлы орган өкілдері мен депутаттар балаларды тегін спорттық үйірмелермен қамту жайында арнайы жиын өткізді. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Бас прокуратура жаға ұстатар жайттарға жол берген жауатыларға шара қолданылғанын мәлімдеді.

Ал мемлекеттен бөлінген миллиардтарды алып отырған мекемелерде жасөспірімдерді, жас қыздарды жезөкшеліке тартқаны үшін сотталған жаттықтырушылар жұмыс істеп келеді. Бұл балалардың қауіпсіздігіне тікелей жауапсыздық саналады.

«Елдің Ыбырайы – Ыбырай, біздің  Ыбырай – сұмырай» деген сөз бар. Неге біздің мемлекеттік органдар бірнәрсе жасаса, соның кемшілігін, салдарын көріп қана күресуге тура келеді. Неге әу бастан дұрыстап жұмыс істемейді? Енді мына қасқырға қой бақтырғанмен бірдей жағдайға қараңыздар. ArtSport балаларға, жасөспірімдерге жәрдемдесуге, соларды үйірмемен қамтуға жұмыс істеуі керек дейміз. Бірақ ArtSport жүзеге асқан 6 өңірде бұрын жыныстық қылмысқа, жезөкшелік және притондарды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдардың балаларды оқытуының 20 фактісі тіркелген. Бұл қалай сонда? Бұрынғы жезөкшеге, бұрынғы притон ұйымдастырған адамға біз қалай балаларымызды сеніп тапсырып отырмыз? Құзырлы органдар қайда қараған? Сол жайттан кейін балалармен арнайы психологтар жұмыс істеді ме? Балаларға оларды бұрынғы қылмыскерлер жаттықтырғанын қалай түсіндіреміз?», - деді депутат Нартай Сәрсенғалинв.

Ол мұндай жауапсыздыққа прокуратура органдарының неге жол бергенін сұрады. Ол балалармен қандай жаттықтырушылардың жұмыс істеп жүргенін алдын ала анықтамау кемшілік деп атады. Сонымен қатар үйірмеге бармаған оқушылардың жалған тізімін жасау оқиғалары да кездесіп отыр.

«Ұстаздардың, жаттықтырушылардың жұмыс өтілін, қандай жауапқа тартылғанын көретін арнайы база бар ма? Кімдер жауапқа тартылғанын білгіміз келеді. Келмеген балаларды да тіркеп қойған, жұмысты дұрыс ұйымдастырмағандар жауапқа тартылды дегенді естідік. Олардан басқа, министрліктен, әкімдіктерден біреу жауапқа тартылды ма? Осы ережені біреу жазып қол қойды ғой.  

Тағы бір мәселе – жоспарлау. Абай сияқты жаңадан ашылған облыстар мысалға келтірілген. Бірақ біз бұрыннан жұмыс істеп тұрған облыстарда да ArtSport-қа қатысты проблема көп болғанын білеміз. Тіпті, бір жылға бөлінген қаражат 3 айда игеріліп кетті, ақша таусылып қалды дегенді де көрдік. Осыған байланысты «балаларымыз қатыса алмай қалды» деген 7 өңірде ата-аналардың наразылық акциясы өтті. 2022 жылға 83,6 млрд теңге бөлінген. Бірақ оған қатысты көптеген проблема болды, қаржы игеріліп кетті, ақша жетпеді деді. 2023 жылы 86,7 млрд теңге бөлініпті. Бұл жеткілікті қаражат па? Сосын қалалық және ауылдық аймақтарға бөліну мәселесіне байланысты көптеген ауылда арнайы кешен, спорт секциялары жоқ. Егер ондай кешен болмаса, оған ақша бөлудің қандай қажеттілігі бар? Бұл мәселені қалай шешеміз? Нақты қанша аймақ қамтылады дегенді білгім келеді.

50 ауданда бағдарлама мүлдем жүзеге асырылмаған. Бірақ ақша бөлінген. Жемқорлық әрекеттері болуы мүмкін, оған байланысты қанша адам жауапқа тартылды? 3 платформа бар дедік. Облыс әкімдіктері айтып отыр, «Балалардың тізімін нақтылау үшін оны қадағалайтын мүмкіндікті бізге де берсе екен» дейді. Олар қалай қадағаламақшы? Біз барлығын электронды жүйеге өткізгіміз келіп еді, бірақ электоронды жүйеде де қандай сорақылықтың бар екенін біліп отырмыз. Енді әкімдіктер өздері барып араламақшы ма? Бақылау тетіктерін қала іске асырмақшы?»,  – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Құзырлы орган өкілдері депутат көтерген проблемаларды жоққа шығармады. Прокуратураның мәліметінше, сорақылыққа жол берген жауапты тұлғаларға шара қолданылған.

«Жалпы тексеріс нәтижесімен республика көлемінде 38 қадағалау актісі енгізілді. 43 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек біз жыл басында Үкіметтің атына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жолдадық. Қазір алдын-ала жауап алдық. Бірақ нақты қандай тұлғалар жауап беретіні туралы ақпарат ұсынбады.

Мәдениет және спорт министрінің орынбасары өз еркімен жұмыстан шықты. Сонымен қатар аталған фактілер бойынша комитет басшысы жұмыстан босатылды. Сіз атаған заңбұзушылықтың бәрі қазір қаралып жатыр.

Өңірлерге келсек, Алматы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Қарағанды және Маңғыстау облысы бар. Алматы мен Шымкентте олар қазір жұмыс істемейді, ал басқа өңірлер бойынша нақтылаймызй,  - деді Бас  прокуратураның өкілі Дулат Әшірбеков.

Мәдениет және спорт  министрлігің ақпаратынша, биыл жарты миллионнан астам бала тегін үйірмелермен қамтылады. Қажетті қаражат бөлінген.

«Биыл 86,7 млрд теңге бөлініп отыр. Жоспар бойынша 560 мыңнан астам баланы қамту керек. Бірақ бүгінгі таңда құқықтық актіні жетілдіру мәселесі бойынша, электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану барысында біз бұл қаражаттың биылғы жылға жеткілікті екеніне көзіміз жетіп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында былтыр бөлінген ақша өңделуге байланысты 2 млрд теңгесі басқа жаққа жылжытылды. Спорт басқармасы бойынша 680 млн теңге,  ал мәдениет басқармасы бойынша 800 млн теңгеге жуық қаражат үнемделді»,  - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.