Қарағандыда қатты желден қирап қалған ойын алаңында екі бала зардап шекті
2015 жылы туған жеткіншек профессор Мақажанов клиникасына жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy өңірдің денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
«Баланың бас миы ауыр жараланған. Бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Білегінің де сүйегі сынған. Бала жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр», - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қираған алаңда зардап шеккен 2014 жылғы тағы бір жеткіншектің миы шайқалып, денесі көгеріп қалған. Ол облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылған.
Ауа райына байланысты Қарағанды орталық саябағында барлық ойын-сауық нысандарының жұмысы тоқтатылды. Аттракциондар, катамарандар, қайықтар жұмыс істемейді.
Естеріңізге сала кетейік, 19 маусым сағат 14.00-де «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында қатты дауыл соғып, ойын алаңына төселген жасанды төсенішті жұлып әкетті. Салдарынан екі бала зардап шекті.