$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандағы тың реформалар: Мүмкіндік пен даму

Тек осы жылдың өзінде 4,4 млн тұрғынның зейнетақысы мен жәрдемақысы өсті

Қазақстандағы тың реформалар: Мүмкіндік пен даму
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Елімізде бірқатар экономикалық-саяси, әлеуметтік реформалар қолға алынғалы бері көптеген тың бастамалар көтеріліп, олар біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, биыл қандай реформалар жүзеге асты? Azattyq Ruhy тілшісі шолып көрді. 

Ел азаматтарының кірісінің артуы

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына жолдауына сәйкес, республикада ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Осылайша, енді Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушілер ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде жалақыны қамтамасыз етуге міндетті екенін ескере отырып, осы жылдан бастап шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің жалақысы өскен. Бұл халықтың тұрмыстық әл-ауқатының артуына зор септігін тигізетіні анық.

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Ел үкіметі әлеуметтік осал топтар мәселелерін де назардан тыс қалдырған емес. Солардың бірі қазақстандық зейнеткерлер мен аналардың, көп балалы отбасы және т.б. зейнетақы және жәрдемақы мөлшерінің өсуі болып отыр. Мәселен, тек осы жылы зейнетақы мен жәрдемақы алатын 4,4 млн тұрғынның зейнетақысы мен жәрдемақыларының барлық түрлерінің мөлшері арттырылды. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге бөлінді.

Жастарға микро несие беру

Қазақстан Үкіметі қолға алған тағы бір тың реформа – ел жастарына қайтарымсыз шағын несие беру болып отыр. Оған сәйкес, аталған бағдарламаға жасы 21 мен 35 жас аралығындағы кез келген жас азамат қатыса алады. Бұл несие ел жастарына шағын кәсіпкерлікпен, мысалы тауарларды өндіру немесе сатуға, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетуге, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру және т.б мүмкіндік береді. Микро кредиттің сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-ды құраса, несиені алудың ең көп мөлшері 5 млн теңгені құрамақ. Биыл бұл жобаға ел бюджетінен 28 млрд-тан астам қаржы бөлінді. Жоба шамамен республика бойынша 5,7 мың адамды қамтымақ.

Денсаулық сақтау және білім беру саласындағы өзгерістер

Ел үкіметі Қазақстандағы білім беру және денсаулық сақтау саласына да баса мән беріп отыр. Мысалы, елімізде дәрігерлердің жалақысы биылғы жылы тағы да 30%-ға өсіп, 531 мың теңгеге дейін, ал орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-ға дейін артып, 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Одан бөлек Астанада 200 науқасқа арналған жедел медицинаның ұлттық үйлестіру орталығы және Алматыдағы 350 адамдық жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы ашылады деп күтіліп отыр.

Айта кетерлігі, бұл оң өзгерістер білім беру саласына да қатысты болып отыр. Мәселен, биыл студенттердің стипендиялары 20%-ға өссе, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 15%-ға ұлғайтылмақ. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10%-ға артады деп күтіліп отыр.

Жаңа Қазақстандағы әлеуметтік-cаяси реформалардың барлығы қарапайым халықтың әл-ауқатын күшейтуге бағытталып отыр. Осы орайда, бұл реформалар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Серіктес жаңалықтары