Шығыс Қазақстанда тағы бір орманнан өрт шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жолы Қатонқарағай ауданында қызыл жалын тұтанған

Фото: almaty.tv

Алдын ала дерек бойынша тілсіз жау тараған аумақ – 15 гектар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

17 маусымда Катонқарағай ауданындағы «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) жетуі қиын таулы жерде өрт шыққан. Қызыл жалын шөп пен бұталарды шарпыған.

Өртті сөндіруге «Қазавиаорманды қорғау» қызметкерлері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдар, ТЖД өрт сөндірушілері жұмылдырылды.

«Барлығы 111 адам, 3 техника және ШҚО әкімі аппаратының әуе бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмыс істеуде. Жалынмен күреске жұмылдырылған адамдар сол жерге тікұшақпен жеткізілді, өйткені жер бедері автотехникамен жүруге мүмкіндік бермейді. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген ақпаратта.