Ол Будапешт қаласында емханада жатыр
2020 жылғы 16 наурызда Қазақстанның Мажарстандағы елшілігіне біздің бір азаматшамыздың Будапешт қаласында коронавирус күдігімен жергілікті ауруханалардың біріне жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.
«Жүргізілген медициналық талдаулардың нәтижелері бойынша дәрігерлердің күдігі расталды. Қазіргі уақытта ҚР азаматының денсаулығы тұрақты, ол ауруханада емделуде. Аталған жағдай біздің дипломаттарымыздың ерекше бақылауында»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, Венгрияда коронавируске байланысты барлық жолаушылар көлігі үшін шекара жабылды. Елге тек өз азаматтары ғана кіре алады. Пабтар, кинотеатрлар мен мәдени мекемелер де жұмыс істемейді. Ал мейрамханалар, кафелер мен дүкендерге сағат 15:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Венгрияда коронавирус 39 адамнан анықталды, бір адам қайтыс болды.
Еске салсақ, 17 наурызда сағат 12.00-дегі мәліметке сәйкес, Алматы қаласындағы 11 адамды, Нұр-Сұлтан қаласындағы 16 адамды қосқанда, жалпы Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырған 27 науқас тіркелген еді.