Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған тағы 14 адам тіркелді – Біртанов

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан бойынша қауіпті инфекция жұқтырғандардың саны 27 адамға жетті

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған тағы 14 науқас тіркелгенін хабарлады. 

«Бұл науқастар тәртіп бойынша, карантинге жатқызылып, олармен байланысқан адамдармен жұмыс жасалды. Барлық адамдар анықталуда. Біздің қызметкерлер қажетті жұмысты жүргізіп жатыр», - деді Е. Біртанов.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. 

«Бүгіннен бастап бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Ол қаулы бойынша Франция, Иран, Италия, Германия, Испания мемлекеттері қаупі бойынша 1 «А» категориясына кірді. 1 «Б» категориясына Қытай, Оңтүстік Корея және барлық Шенген аймағы мемлекеттері жатқызылады. Ал 2 санатта Филиппин, Катар, Таиланд, Үндістан, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ, Әзербайжан бар», - деді министр.

17 наурызда сағат 12.00-дегі мәліметке сәйкес, Алматы қаласында -11 адам, Нұр-Сұлтан қаласында - 16 адам, жалпы Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырған 27 науқас тіркелді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан