Ол қиын жағдайды пайдаланып, табысты көздегендер бар деп есептейді
Қарағанды қаласындағы экономикалық тергеу департаментіне журналист Айнұр Балакешова маска мен микробқа қарсы гельдің (антисептик) бағасын өсіріп жіберген дәріханалардың үстінен шағым түсірді. Журналистің пайымдауынша, Қарағандыда ірі дәріхана желілері бұл тауарлардың бағасын жүз пайызға негізсіз өсіріп жіберген.
«Елімізде төтенше жағдай жарияланды. Коронавирус әлемде мыңдаған адамның өмірін қиып жатыр. Мұндай кезде бағаны негізсіз көтеру - халықтың денсаулығына қарсы жасалған қылмыс»,- дейді Айнұр Балакешова.
Оның айтуынша, өндірушілер микробқа қарсы спрейді дәріханаларға 300 теңгеден сатады. Тіпті, бұл фирма өнімді тегін жеткізіп береді. Алайда антисептиктер дәріханаларда 700 - 800 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар Қарағандыда өндірілетін маска 40 теңгеден емес, 100 теңгеден сатылуда.
Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев 17 наурыздан бастап дәріханаларға 250 мың масканың жеткізілетінін мәлімдеген еді. Жасалған келісімге сәйкес, «Биосфера» дәріхана желісі масканы 140 теңгеден сатып алып, сол бағаға сатуы тиіс.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды