1 млн теңгеге есірткі сатуды жоспарлаған жамбылдық тұрғын ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жеке тінту жұмыстарын жүргізу барысында жалпы салмағы 3 келі 800 грамм болатын есірткі заты бар пакет табылды

Фото: kaz.zakon.kz

Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 47 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел іс-шараларды Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс шарасы аясында ҚР ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп жүргізді.

Жеке тінту жұмыстарын жүргізу барысында жалпы салмағы 3 келі 800 грамм болатын есірткі заты бар пакет табылды. Сараптама қорытындысы бұл гашиш есірткі заты екенін көрсетті. Күдікті бұрын есірткіні белгілі бір орынға жинап көміп қойып, пакетті үйіне алып бара жатқан кезде ұсталған. Ол қара базарда бұл есірткіні 1 млн теңгеге сатуды жоспарлапты. Ер адам осындай есірткі қылмыстары үшін бірнеше мәрте істі болғаны белгілі болды.