Қазақстан былтыр 67 елге $5,6 млрд ауыл шаруашылығы өнімін экспорттады

Автор: Azattyq Rýhy

Экспортқа дайын өнімдер көп шығарылған

Фото: Zakon.kz

Астана халықаралық форумы шеңберінде панельдік сессияға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былтыр Қазақстан шет елдерге қандай тауарлар экспорттағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Былтыр ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлеріне экспорттық шектеу қойылды. Дегенмен ол біздің дамуымызға кері әсер еткен жоқ. Мәселен, 2022 жылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттаудан түскен пайда 5,6 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 46% көп. Атап айтқанда, шетелдік нарықтарға бидайды шығару – 34,7%, майлы дақылдарды жөнелту 66% артты», - деп мәлім етті Ербол Қарашөкеев.

Ведомство басшысының сөзіне сай, бұл ретте экспортқа дайын өнімдер көп шығарылған. Бүгінде Қазақстан әлемнің 67 елінің нарығына 531 ауыл шаруашылығы өнімін шығарады.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті.