«51,4 млн адам: Түркия туристерді тартудан әлемде үшінші орынға шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Анадолы елі Американы басып озып, туристер көп келетін мемлекеттердің алдыңғы үштігін түйіндеді

Фото: РБК

Түркия туристерді тарту бойынша әлемде үшінші орынға шықты. Түркия мемлекеті туризмді дамыту бойынша бағдарламаларды өткен ғасырдың сексенінші жылдары бастаған. Арада қырық жыл өткенде Анадолы елі Американы басып озып, туристер көп келетін мемлекеттердің ішінде үшінші орынға бірақ шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталы.

Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы кеңесшісі Алпарслан Акынджынының сөзінше, алдағы бес жылда туризмнен түсетін табысты 100 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.

«2022 жылғы деректерге сәйкес, былтыр Түркияға келген туристер саны 51,4 миллионнан асты. Бұл індет басталмай тұрғанда (2019 жылы) рекорд болған 51,8 миллионның 99 пайызына тең. Осылайша, туризм саласы бойынша Түркия әлем бойынша 3-орын алды. 2022 жылы Түркияның туризм кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл 46,3 миллиард долларға тең. Болашақта 90 миллион туристтің келуіне мүмкіндік жасап, кірісті  2028 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізу жоспарланғані”, – деді ол.

Алпарслан Акынджының сөзінше, Ұлы Жібек жолын дамыта отырып, Түркиядан Қазақстанға туристер тарту да өте маңызды. Түркістандағы халықаралық әуежай ашылғанда Түркияның үш қаласынан тікелей рейстер ашылмақ. Осылайша, Қазақ елінің ішкі туризмін дамытуға да мүмкіндік туады.

«Туризм саласы туралы мәселе көтерілгенде мамандар дайындауға көңіл бөлінуі тиіс. Жоғары оқу орындарында туристерге қызмет көрсететін салаларда маман тапшылығы пайда болуы мүмкін. Логистиканы дамыту назардан тыс қалмауы тиіс. Түркістанға келгісі келетін түркиялықтар көп. Түркістанның бұлайша дамуын біз осыдан жиырма жыл бұрын ойламақ түгілі, елестете де алмайтынбыз», - деді Акынджы.

Түркия отандық туризмді дамытуда маркетингке назар аударады. Ол – Жаһандық тұрақты туризм кеңесімен (GSTC) үкімет деңгейінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған әлемдегі алғашқы ел. Нәтижесінде 2030 жылдың соңына дейін 3 қадамдық жоспарды бекітеді және түріктер елінде 100 пайыз тұрақты туризм экожүйесі қалыптасады. Брендинг және жаһандық таныту іс-шаралары жылдан-жылға артып, 2028 жылдың соңына қарай туризмге қатысты 9 бағыт пен 20 өнім қосалқы бренді пайда болады. Осы мақсатта 2028 жылға қарай маркетингтік коммуникациялар бюджеті 225 миллион долларға теңгерілмек.

Алпарслан Акынджының айтуынша, Түркия туризмді насихаттау іс-шараларында кейбір нақты салаларға назар аударады. Велосипед туризміне ерекше назар аудара отырып, сенім, гастрономия және спорт туризмі дамытылады. Түркия үшін денсаулық туризмі де өте маңызды. Сонымен қатар жыл он екі ай түріктердің 81 қаласына туристердің үзілмеуін қамтамасыз ету қарастырылған. Археологиялық жәдігерлер сақталған аймақтарға тартымды бағыттар ұсына отырып, әлемдегі ең көне неолит орны саналатын Таш Тепелер аймағындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырады. Сиде-Анталия, Гөреме-Кападокия, Измирдегі Пергамон және Аслепион жерлерінде, Ликия жолында жаңа археологиялық саябақтарды ашу арқылы әлем жұртшылығын тартуды көбейте түспек.

«Түркия 1980 жылдары туризмге қатты көңіл аударды. Арада қырық жылдан астам уақыт өткенде біз әлемде үшінші орынға шықтық. Франция, Испаниядан кейін туристер ең көп келетін ел қазір Түркия. Орта Азия елдерінің ішінде біз үшін Қазақстанның орны ерекше. Түбі бір туысқан елміз. Әрі сәлтымызда, тілімізде ұқсастық көп. Түркістанды білмейтін түрік жоқ. Біз үшін Түркістанның өркендеуі түркі әлемінің өркендеуі саналады. Жыл сайын Қазақстаннан демалуға Түркияға 750 мың турист барады. Орта Азия елдерінің ішінде ең көп баратын ел саналады», -деді ол.