89 мектеп апаттық жағдайда тұр
Қазақстандағы 3 мыңнан астам мектеп материалдық-техникалық базамен жабдықтауды қажет етеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ауыл мектептері мемлекет тарапынан ерекше назар аударылуын қажет етеді. Ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ауылдық және қалалық мектептер арасындағы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету тұрғысынан алшақтықты жою өте маңызды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық баяндамасындағы деректерге сәйкес республикада әлі де мектептерде орын тапшылығы байқалады, бұл шамамен 260 000 оқушы орнын құрайды. Балабақшаға кезекке тұру сақталып отыр. Осы мәселені шешу «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп салу көзделген», - деді Сабильянов.
Ол атағандай, Экономикалық зерттеулер институты жүргізген мониторингтің алдын ала деректері бойынша 2021 жылғы жалпы республика бойынша 1 642 мектеп (23,5%) күрделі жөндеу жүргізуді қажет етіп отыр.
«89 мектеп (1,3%) апаттық жағдайда, 3 084 мектеп (44,2%) материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажет етеді. Көптеген мектеп кәріз жүйелеріне, жоғары жылдамдықты интернетке (50%) қолжеткізе алмай отыр, спорт залдары (25%), асханалар (15%), кітапханалар (13%) және тағы басқалары жоқ.Бұл ретте білім беру мекемелерін қажетті инфрақұрылыммен және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету сапасы оқушылардың одан әрі дамуына әсер ететін маңызды фактор болып табылады», - деді Сабильянов.
Депутат аталған проблемалық мәселелерді мәслихат депутаттарының, әкімдердің және уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуымен жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестердің алаңдарында жедел түрде қарауды ұсынды.
Еске салсақ, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі туралы» үкімет сағаты өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде кіріс пен өмір сүру сапасын арттыру арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету міндетін қойған болатын.