Ердоған ресми түрде Түркия Президенті лауазымына кірісті

Автор: Azattyq Rýhy

Режеп Тайып Ердоғанды ұлықтау рәсімі Анкарада өтті

Фото: Twitter

Режеп Тайып Ердоған ресми түрде Түркия президенті қызметіне кірісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Анадолу» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлықтау рәсімі Анкарадағы түрік Парламентінің ғимаратында өтті. Оның қатысушылары арасында әлемнің 78 елінің өкілі болды, олардың ішінде 20-дан астам мемлекет және үкімет басшылары бар.

Түркия парламентінің уақытша төрағасы Девлет Бахчели Ердоғанға президенттік сайлауда жеңіске жеткендігі туралы құжат тапсырды.

«Түркия президенті ретінде, тарих пен Ұлы түрік ұлтының алдында, елдің мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін абыроймен қорғауға, Отан мен халықтың бөлінбейтіндігін қамтамасыз етуге, мызғымас егемендікті, Конституцияны, құқық үстемдігін, демократияны, өсиеттер мен Ататүрік мұрасын қорғауға, зайырлы Республика қағидатын ұстануға ант етемін», – деді президент ант беру рәсімінде.