4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздер күні
Қазақстанның мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков Алматы облысының жастарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігі.
Жастармен өткен жиынға қатысқан өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Жандарбек Мәлібеков пен ҚазҰУ профессоры Байқоңыр Ижановқа облыстың дамуы туралы айтты. Сонымен қатар ол рәміздер бізді еліміз тарихындағы ең маңызды сәттерде – ұлттық мерекелерден бастап спорттық жеңістерге дейін біріктіретінін атап өтті.
«Жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүю, мемлекеттік рәміздерді ардақ тұту, тіл мен дін сияқты рухани дүниелерді дәріптеуге бағытталған жұмыстарды жүргізу болашақта бірлігі мығым, саясаты берік мемлекет құрудың түпқазығы екені баршаға аян. Біз жастарды тәрбиелей отырып, ертеңгі күнгі ел мен жердің иесін тәрбиелейтінімізді ұмытпауымыз қажет», - деді облыс басшысы.
Ал Елтаңба авторы былтыр ғана құрылған Алматы облысы жаңа өркениеттің алдында тұрғанын айтып, бұл өңір бағзыдан экономикасы дамыған, әлеуеті көш ілгері болғанын да атап өтті.
«Бұл жерден өздеріңізге белгілі «Алтын адам» табылды. Яғни, мұнда осы заманға дейін де мықты өркениет болған. Былтыр екіге бөлінген Алматы облысы қазірде Алатаудың бөктерінде жатыр. Өңір жаңа өркениет бастауының алдында тұр. Өткен заманда қазақты ешкім менсінбеді. Ата-бабаларымыз қанша ғасыр бойы тәуелсіздікті аңсап өтті. Бүгінде біздің Елтаңба 194 рәміздің ішінде геральдикасы бойынша да, басқа белгілері бойынша да 9-орында тұр. Жеріміздің кеңдігі секілді бұл рәмізде жастар да, қарттар да, тарих та, ұлттың басқа нышандары да сыйып тұр. Жалғыз шаңырақтың өзінің бірнеше мағынасы бар. Ал енді бұл Елтаңбаны мен намыстан туды деп айта аламын. Өйткені сол кездерде Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жаңа ғасырға аяқ басқан. Сонда төрткүл дүниеге бәрімізді паш ететін дүние керек болды», - деді Елтаңба авторы.
Бұған дейін де Жандарбек Мәлібеков еліміздің бірнеше елдімекенін аралап, жастармен, оқушылармен, студенттермен кездесу өткізген. Десе де, ол рәміздердің өз деңгейінде насихатталмай жатқанын сөз етті. Ал облыс әкімі Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, I дәрежелі «Барыс» орденінің кавалері Мәлібеков Жандарбек Мәлібекұлына құрмет көрсетіп, шапан жапты.
«Мен ауылдан шыққан соң Ташкентте білім алып, сол жақта жұмыс істедім. Сыртта жүргенде еліңе, туған жеріңе деген сағыныш басқаша болады. Елтаңбада қазақ халқының өз мәдениеті, дәстүрі бар екенін айтқым келді. Өйткені осыған дейін дейін қазақ көшпелі халық, мәдениеті жоқ дегенді жиі еститінбіз. Сондықтан бұл Елтаңбаны жасау намыстан туған еді», - деді ол.