Қазақстанда 16 наурыздан 15 сәуірге дейін енгізілген төтенше жағдай күшіне енді. Бұл уақыт аралығында еліміздің шекарасынан өткізу тәртібінің күшейетіні бұған дейін айтылған болатын. Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай кезінде ел аумағына кімдердің кіруіне және елді тастап кімдердің кетуіне болатынын хабарлады.
Төмендегі жағдайлардан басқа барлық азаматтарға Қазақстан аумағына кіруге және одан шығуға тыйым салынады:
- бұрын шет мемлекеттің аумағына шыққан және Қазақстан Республикасына қайтып келген Қазақстан Республикасының азаматтары;
- денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын ұсынып, шетелге емделуге шығатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
- осыған дейін Қазақстан Республикасының аумағына кірген және елден шығатын шетелдіктер;
- еліміздің және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстанға келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелері;
- поездық және локомотив бригадаларының, әуе және теңіз кемелері экипаждарының мүшелері;
- Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал және шектес мемлекеттердің аумағындағы қазақстандық трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал;
- шектеулерді енгізгенге дейін (2020 жылғы 16 наурыз сағат 08.00-ге дейін) жолға шыққан және транзиттік жолаушылар поезымен жолда келе жатқан шетелдіктер;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаттары бар шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар);
- Қазақстан Республикасы азаматының отбасы мүшесі болып табылатын шет ел азаматы (туыстық байланыс фактісі расталған жағдайда – жұбайы (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары).
«Тараптар азаматтарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін жүгінген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге сәйкес жұмыс істейтін Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу орындары арқылы жергілікті тұрғындарды өткізу тоқтатыла тұрсын», - делінген ҚР СІМ таратқан хабарламада.
Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус ауруының алдын алу мақсатында елде төтенше жағдай енгізілетіні туралы мәлімдеген болатын.