Елордада ақылы тұрақ саны артады
Ақылы тұрақтың қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы қалалық әкімдіктің Көлік басқармасы жанынан құрылады
Елордалық кәсіпкерлер қаладағы ақылы тұрақ орындары бойынша МЖӘ шартының талаптарын қайта қарау мәселесінің шешілуін мұқият қадағалайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Наурыз айында елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің бизнеспен кездесуінде Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына кәсіпкерлердің тиісті ұсыныстарын зерделеп, оларға жауап беру тапсырылды.
Содан кейін кәсіпкерлер бірқатар ұсыныстар айтып, олардың ескертулерін ескере отырып, шарттың жаңа жобасын әзірлеуге қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Елорда әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов жұмыс тобы енді ғана құрылғанын айтты. Өйткені бұған дейін әкімдік осы жоба бойынша бұзушылықтарды жойған болатын.
«Осыдан он күн бұрын біз жеке серіктесіміз «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен келіссөздерді бастадық, бірнеше мәселелерді талқылап жатырмыз. Біріншіден, қазір біз қала бойынша 7 мыңға жуық жер учаскесін – тұрақ орындарын ұсынып отырмыз. МЖӘ шартының талаптарына сәйкес біз оларды 10 мыңға дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Иә, автотұрақ үшін бастапқы орын берілген кезде, әлеуметтік нысандар мен басқа да орындардың жанындағы автотұрақтардың мәселесі ескерілген жоқ, осыған қатысты халықтың шағымы болды. Бұл мәселелер пысықталды. Қаланың әртүрлі аудандарындағы нақты орындарға қатысты сұрақтар бар, мәселен онда тұрғындар ақылы тұрақ орналастыруға наразы. Біз бұл мәселелерді шешіп жатырмыз», - деді Нұрлан Нүркенов.
Ол «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы көлік басқармасы жанынан құрылатынын айтты. Елорда әкімінің орынбасары Атамекенмен және қаланың бизнес-қоғамдастығымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдіріп, жұмыс тобына қатысу үшін кандидатура ұсыну керектігін айтты.
«Жалпы, әкімдіктің ұстанымы – бұл жобаны дамыту. Қалада тұрақ кеңістігін біртіндеп енгізуге ниеттіміз», - деп атап өтті Нұрлан Нүркенов.