Авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен – Смайылов
Премьер-министрдің айтуынша, жолаушыларға лайықты сервис ұсынылмайды
Авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. Сондай-ақ, 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен», - деді ол.
Смайылов рейстердің кешігу себептері уақытылы түсіндірілмейтінін айтты.
«Лайықты сервис ұсынылмайды. Осыдан барып баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.
Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда, ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек», - деді ол.