Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны 82 жоғары лауазымды шенеунік жазаланды
Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты

25 мамырда Сенатта үкімет пен Жоғарғы есеп палатасының 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру қорытындыларына келетін болсақ, өткен жылы үш мемлекеттік бағдарлама мен 10 ұлттық жоба жүзеге асырылды. Олар мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін енгізу аясында бекітілді. Түрлі көздерден 8,2 триллион теңге бөлінді. Оның 2,8 триллион теңгесі мемлекеттік бюджеттен бөлінді», - деді Жамаубаев.
Қаржы министрлігінің басшысына Қазақстандағы бюджеттің игерілмеуіне қарсы қолданылып жатқан шаралар туралы сұралды.
Сенатор Амангелді Төлемісов.бірнеше триллионнан астам бюджет ақшасы тиімсіз пайдаланылғанын айтып, алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады
«Сандарды нақтылай кетейін. 8,2 триллион теңге, оның барлығы мемлекет қаржысы емес. 2,8 триллионы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы. Қалғаны жеке инвестиция мен қарыз қаражат. Әрине, мониторинг жүргізіп жатырмыз. Біз Жоғарғы есеп палатасының қорытындылары мен ұсыныстарын талдаймыз, жоғары лауазымды тұлғаларды жауапқа тартамыз. Қазір 113 адам, оның ішінде 82 жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды», - деп жауап берді Қаржы министрлігінің басшысы.