Президент ЕАЭО туралы: Әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек

Azattyq Rýhy

Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие

Президент ЕАЭО туралы: Әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты тақырыпта сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады»,-деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі іргетасы не екенін айтты.

«Енді Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау қажеттігі туралы сұрағыңыздың екінші бөлігіне тоқталып өтейін. Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек», - деді ҚР Президенті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.