Қазақстанда үш адамнан COVID-19 вирусы анықталған
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус жұқтырған адаммен бір ұшақта болған 24 жолаушыны таппай жатыр. Олар 9 наурыз күні Германияның Франфурт қаласынан Алматыға ұшып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұшақта болған 64 жолаушының 40-ы табылып, олардың 11-і карантинге жатқызылған. Ал төрт адам тағы шетелге шығып кеткен. Басқарма басшыларының сөзінше COVID-19 вирусы анықталған адамдардың нақты қанша адаммен байланыста болғаны белгісіз.
Қалада коронавирус инфекциясы болуы мүмкін деген күдікпен карантинге жатқызылған адамдар үшін 1,5 мың төсек дайындалған. Алайда, вирустың таралуына байланысты оқшауланатын адамдар саны әлі де артуы мүмкін. Сондықтан қосымша тағы үш мың адамға орын дайындалмақ.
«Коронавирус анықталған адамдардың ешқайсысында дене қызуының көтерілгені байқалған жоқ. Біз оларды ДДСҰ бекіткен тәртіп бойынша емдейміз. Коронавирус жұқтырған адаммен бір ұшақта болған 24 жолаушы қазір табылмай жатыр. Бұл азаматтарды медициналық мекемелерде іздеу және тексеру жұмыстары жалғасуда. Тізімдер тексеріліп жатыр, табылмағандар Көші-қон қызметіне және Алматы қаласының полиция басқармасына, шетел азаматтары ҚР ҰҚК-іне жіберілді», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Жалпы, 24 ақпаннан 13 наурызға дейінгі аралықта Алматыға шетелден 11 340 адам келген. Олардың 10 852-і табылып, қазір медициналық қызметкерлердің бақылауында. Яғни, шетел асып келгендердің бақылауға алынуы 95,7% құрайды. Ал қалған бес жүзге жуық адам қазір іздеуде. Бүгін коронавирус анықталған екі тұрғынның бірі - әйел, екіншісі - ер адам.
«Ақшаны қолма қол ұстамай, төлемді банк карточкасы арқылы жасау керек. Маска тағу, қолды жиі жуу, үйдің ауасын жиі тазартып тұру сынды қағидаларды халық орындауы керек. Қаражат қажетті қорғану құралдарына жұмсалды. Қажет болса тағы да қаржы қарастырылады», - деп атап өтті басқарма басшысы.
Сараптамалық тестілеу Алматыда 3 зертханада өткізіліп жатыр. Ол зертханалар арқылы вирусты анықтауға 3-4 сағат уақыт керек. Бұған дейін вирустан қорғануға республикалық бюджеттен 73,5 миллион теңге берілсе, Алматы қаласының әкімдігі қосымша тағы 94,5 миллион теңге бөлген.
Ал Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Халықова «Иә, қымбат, бірақ маска мен антисептикалық заттар дәріханаларда бар» деп қысқа қайырды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы