Депутаттар блогерлердің миллиардтаған табысынан қазынаға салық төлете ала ма?
Мәжілісмендер бастамашы болған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы қандай өзгерістерді көздейді
«КОНВЕРТПЕН АҚША АЛУҒА КЕТӘРІ ЕМЕС». АЙДОС САРЫМ ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН АТАДЫ
Сегізінші шақырылымдағы Мәжілістің жеті депутататы жаңа заң жобасына бастамашы болып отыр – ол құжат «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» деп аталады. Депутат Айдос Сарым журналистердің алдына шығып, бұл құжаттың ішінде қандай мәселелер көтерілгенін, қабылданып жатса, қандай өзгеріс болатынын түсіндіруге тырысты.
«Заң аясында белгілі бір қолданушының саны асқан соң, әлеуметтік платформа бірқатар мәселені қамтуы керек болады. Әлеуметтік желінің контенті орыс тілінде жазылса, міндетті түрде қазақ тіліне аударылуы керек. Жалпы, бұл заң болашақта Салық кодеексі сияқты ауқымды құжаттардың дайындығын қамтамасыз етеді. Себебі оның ішінде жаңа ұғымдар бар. Заң аясында енді мақсатты немесе таргетті жарнама деген түсінік енеді. Осылайша, желінің иесі мемлекеттік органдармен, соның ішінде, салық, қаржы органдарымен жұмыс орнатуы тиіс. Мысалы, журналистер еткен еңбегі үшін салық төлейді. Ал көп азамат заңдағы олқылықты пайдаланып, конвертпен ақша алуға кетәрі емес. Бұл заң қабылданатын болса, онлайн-платформалардың жұмысын реттейді», - деді Айдос Сарым.
Депутат Айдос Сарым. Фото: parlam.kz
«АРЫҚТАТЫП, АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН» МАРАФОНШЫЛАРДАН МИЛЛИОНДАП САЛЫҚ ЖИНАЛА МА?
Айдос Сарым егер осы заң жобасы қабылданатын болса, дәнге үймелеген құмырысқадай, марафон мен жарнамаға үймелеп алған талай инфлюенсер салық төлеуге мәжбүр болатынын айтты. Бұл ретте, қазіргі тәжірибедегідей, бір адамның атына жеке кәсіпкерлікті тіркеп, жеңілдетілген салық формасына сай, қазынаға азын-аулақ қана ақша төлей салудың жолы кесіледі.
«Инфлюенсер – үлкен әлеуметтік қолдауға ие, сол арқылы ақша тауып жатқан және қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ете алатын адамдар. Бұдан басқа, олар өздерінің танымалдығын пайдаланып, тауарл сатумен де айналысады. Олардың бәрі салық төлеуі тиіс болатын...» - дейді Айдос Сарым.
Дұрыс, салық төлеуі тиіс еді. Бірақ атап өткеніміздей, қазір көп блогер шағын жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі де, жеңілдетілген формаға сай ең төменгі табыс түрімен салық төлейді. Тіпті, қазіргі Салық кодексі бойынша жарнама сияқты қызмет түрі жеңілдетілген салық формасына жатпаса да, жеке кәсіпкерлігінің есебін өзге формада тапсырған блогерлер шынайы табысын жасырады.
Оған дәлел ретінде алты миллионнан астам оқырманы бар блогер Әлия Байтоғаеваны атауға болады. Естеріңізде болса, оның онлайн-курсын сатып алған жүздеген қазақстандық мазмұнына келгенде интернетте толып тұрған ақпаратты қып-қызыл ақшаға сатты деп шу шығарған еді. Оқырмандар бұл ретте өздері төлеген курс ақысын жалпы сатып алушылардың санына көбейтіп, блогердің миллиондаған табысын есептеп шығарған. ТМД елдерінің азаматтары өте көп шағымданған соң, Әлия Байтоғаеваның кәсібін Алматы қаласының полициясы мен қалалық мемлекеттік кірістер комитеті тексерген еді. Анықталғанындай, курс сатудан расымен де миллиондап қаражат тапқан блогер шағын жеке кәсіпкер ретінде ғана тіркеліп, өзін үш жылға мораторий аясында салықтан босатып алған.
Елена Блиновская. Фото: Global Look Press
Айта кетейік, қазір Ресейдің аса танымал бірнеше блогері дәл осындай схема аясында жұмыс істегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Мәселен, Ресей ғана емес, Қазақстанда да оқырманы көп, ел арасында «марафондардың ханшайымы» аталып кеткен Елена Блиновская қазір қамауда отыр. Ол онлайн марафон өткізіп, тапқан табысынан шамамен 900 млн рубль көлеміндегі салықтан жалтарды деген айыппен өз елінен қашып бара жатқанда ұсталған еді. РФ Қаржы полициясының есебінше, Instagram желісінде блог бастаған 2018 жылдан бері Блиновская шамамен 300 мың адамға «бақытты болудың сырын ашатын» марафон сатқан. Бұл әрине, нақты есеп емес. Ал марафонының бағасы соңғы жылдары 300 мың рубльге дейін барған. Желідегі жарнамасын блогер 10 мың рублге бағалап, әртүрлі кәсіпкердің тауарын сатқан.
Осы елдегі тағы бір танымал блогер – Валерия Чекалина мен оның күйеуі Артем Чекалиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Тергеу кезінде блогерлерге интернетті пайдалануға тыйым салынған. Ерлі-зайыптылар наурыздан бері шамамен 15 миллионға жуық адам жазылған екі парақшасын «жүргізе» алмай, тиісінше, кәсіптерін «дөңгелете» алмай отыр. Қазір РФ құзырлы органдары бұл блогерлердің бүкіл дәулеті мен есепшотын бұғаттап, шамамен 311 млн рубль көлемінде салық төлемеген деген күдікпен тергеу жүргізіп жатыр.
Блогер Лерчек (Валерия Чекалина) күйеуі Артёммен. Фото © Instagram
Айта кетейік, Ресей сияқты, Қазақстанда да тұтас отбасымен блогер атанған, дипломы жоқ болса да «психолог» атанып, халыққа «бақыттың кілтін» сатып жүрген блогерлер жетерлік. Мәжіліс қарап жатқан заң жобасы аясында енді мұндай инфлюенсерге жеке статус берілемек.
«БІЗ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫРҒАН ПЛАТФОРМА ОНСЫЗ ДА САЛЫҚ ТӨЛЕП ОТЫР»
Ал Instagram әлеуметтік желісінде оқырманы көп пабликтің әкімшісі, яғни, иесі, блогер Тахир Хамрақұлов депутаттар ұсынып отырған жаңа бастама, яғни блогерлердің жарнамасынан салық алу туралы мәселеге қарсы екенін айтты. Оның айтуынша, қазір қазақстандық блогерлер пайдаланып отырған платформа ел қазынасына онсыз да салық төлеп отыр, өз кезегінде, блогерлер де өз парақшасын дамыту үшін платформа иесіне белгілі бір төлемдер жасайды, сондықтан оның пайдаланушылары салықтан босатылуы керек.
«Менің әлеуметтік желіде екі арнам бар. Соның бірі – қоғамдағы мәселелерді көтеретін белсенді арна, 104 мың оқырманым бар, сондықтан жауапкершілік те үлкен. Яғни, мен бұл арнама пайдалы, маңызды ақпараттар жазамын. Ал қазіргі депутаттар бастамашы болып отырған заң, яғни блогерлер салық төлесін деген мәселені мен құптамаймын. Өйткені біз пайдаланып отырған платформа онсыз да Қазақстан қазынасына салық төлеп жатыр. Біз Қазақстанның платформасын қолдансақ, онда төлейтін едік. Бірақ біз өзіміз тұтынушы тауып, жарнамадан бар-жоғары 20 мың немесе 50 мың теңге тауып отырған адам қандай салық төлейді деген сұрақ мазалайды. Әрине, бұл жерде миллиондап, тіпті миллиардтап табыс тауып жатқандардың ісі бөлек әңгіме», - дейді блогер Тахир.
Блогер Тахир Хамрақұлов
Бұл ретте блогер қазір желіде көп кездесетін тағы бір мәселе – қайырымдылыққа жиналатын қаражаттың есебін тексеру керек деген пікірін айтып отыр.
«Қайырымдылыққа деп жиналған қаражатты тексеру керек шығар. Бірақ жарнамадан салық төлесін деген мәселені мен құптамаймын. Қазір желіде «науқас балалардың еміне» деп ақша «сұрайтындар» көп, бірақ сол шынымен науқас балаға жиналды ма, қаражат қайда жұмсалды деген мәселені тексеру керек», - дейді ол.
«ЖАУАПКЕРШІЛІК ДЕГЕНІМІЗ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ»
Ал Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бұл заң жобасы қамтитын өзге мәселенің бірі – жалған ақпаратпен күрес мәселесін қозғады. Жалпы, депутаттың айтуынша, қазір Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» қызу талқылап жатыр. Депутаттардың бірі салық мәселесін кәсіпкерлік кодекске беру керек десе, енді бірі осы заң жобасы аясында жалған ақпарат тарататын, қоғамда өте көп оқырманы бар танымал тұлғалардың қандай да бір мәселеге қатысты «ақылы» ойын айтып, теріс пікір қалдыру мәселесімен күресуге көп назар салып жатыр екен. Депутат сондықтан бұл заң жобасы аясында әлі де көп талқылау, әлі де көп пікіралмасу болатынын айтып отыр.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы
«Еліміздегі елге танымал азаматтардың, қоғамға белгілі азаматтардың өз көзқарасын айтарда, қандай да бір мәселеге қатысты пікір білдірерде сөзге абай болғаны жөн деп санаймын. Өйткені, олардың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Яғни, жауапкершілік дегеніміз – халықтың сенімі. Кейбір орынсыз айтылған дүниелер рас ақпарат ретінде қабылданып, кейде ел арасында дүрбелең тудырып жіберуі мүмкін. Мысалы, кейде белгілі бір азаматтың жеке көзқарасы, «осылай болуы мүмкін» деген сөзінің өзі үлкен талқыға түсіп, кейбір салалардың, кейбір топтардың ел алдында орынсыз сынның астына қалуына себеп болады. Жалпы, мынаны түсінейікші: ақпаратты сараптап, талдап, шын-өтірігін бағамдайтын тұлғалармен қатар, қоғамда оқығанын бар күйінде қабылдайтын адамдар да болады. Тіпті, БАҚ пен желіде жазылған мәселенің тақырыбын ғана оқи салып, жаңалықтың негізгі мазмұнына бойлай бермейтін азаматтар да бар. Сондықтан, абай болған жөн», - дейді Жарқынбек Амантай.