Елдегі 14 млн қолданушының 70%-ы телевизиялық контентті тұтынады
Алматыда «Медиа өлшемдер. Теледидар нарығының өзекті мәселелері» тақырыбында конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қауымдастық медиа өлшемдер және теледидар нарығындағы заманауи қиындықтар мен тенденциялар туралы зерттеулер мен пікірталастар ұсынды.
Ұлттық медиақауымдастық жетекшісі Кемелбек Ойшыбаев теледидардағы жарнама нарығын дамыту үшін медиа нарықтың барлық қатысушыларының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтіп, Ресей теледидар жарнамасының кірістерімен салыстырды.
«Біз ресейлік теледидардағы жарнама нарығынан 32 есе азбыз, яғни Ресейдегі теледидар жарнамасының көлемі теңгемен есептегенде шамамен 1 трлн 100 млрд теңгені құрайды. Егер Қазақстанның жарнама нарығы құлдырайтын болса, онда нарықтың барлық қатысушысында даму болмайды. Индустрияның басты менеджерлерінің басын қосып, негізгі сұрақтарды көтеретін алаңға айналып келе жатырған конференциямызды екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Болашақта осы конференция дәстүрлі түрде саламыздың мәселелері шешілетін маңызды бір алаңға айналады деп сенемін», – деді Ойшыбаев.
«Qazaqstan» ұлттық телеарнасының төрайымы Ләззат Танысбай TV рейтингтің өсуі ең алдымен көрерменнің дәстүрлі БАҚ-қа деген сенімінің әлі де жоғары екендігінің көрсеткіші екенін айтты.
«Осы жақын күндері ғана «Genesis»-тің жаңа деректерін алдық. Ресми мәлімет бойынша, қазір елімізде 17 миллион интернет қолданушы болса, соның ішінде шамамен 14 миллион адам YouTube желісін пайдаланады екен. Ал 14 млн қолданушының 70%-ы телевизиялық контентті тұтынатынын білдік. Осы ретте осында отырған телеөндірістегі әріптестерге алғыс айтамын. Яғни, сіздер дәстүрлі аудиториядан бөлек, интернеттегі аудиторияны қамтып отырсыздар. Бүгінде Корпорацияның әлеуметтік желілердегі 9,5 млн аудиториясының 6,5 млн-ы YouTube-қолданушылар», - деді Танысбай.
Сондай-ақ, ол қазақтілді контенттің сапасын арттыру үшін, қазақтілді аудиторияның сұранысына жауап беру үшін жұмыс әрі қарай жалғасатынын атап өтті.
«Ендігі міндетіміз – нишалық арналарымызды рейтингте бәсекеге қабілетті ету. «Balapan» арнасы осыдан үш жыл бұрын 9-шы орында болса, қазір барлық арна арасында тұрақты 7-ші орында және үлесі жыл сайын артып келеді», - деді ол.
Конференцияның панельдік сессияларында 2022 жылғы медиа өлшемдердің қорытындылары, медианы тұтынудың негізгі факторлары, халықаралық аудит жүйесінің мысалдары және Қазақстанның медиа жүйесіне деген сенімділікті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі жарнама және оның даму барысы көтерілді.
Сонымен қатар, «Nur Media» медиахолдингінің бас директоры Бақтияр Мәкен де жарнаманың ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Қазақ тіліндегі жарнаманың ағымдағы жай-күйімен танысу үшін біз 2003 және 2013 жылдары көрсетілген жарнамаларды алып, теледидардағы қазіргі жарнамамен салыстырдық. Осыған сүйене отырып қорытынды жасап, отандық телевизиядағы жарнаманың бүкіл тарихын еске түсірдік. Ресейлік жарнаманың үлесі бірте-бірте азайды, ең басында ол күшті алкогольдің жарнамасына байланысты орын алса, келесі кезеңі сыраны жарнамалауға салынған тыйымға байланысты болды. Алайда алкоголь өнімін жарнамалауға салынған тыйыммен қатар ресейлік жарнаманың азаюына жергілікті брендтердің дамуы және шетелдік брендтердің жарнамасын оқшаулау процесі түрткі болды», - деді Бақтияр Мәкен.
Ол 2003 жылмен салыстырғанда қазақстандық жарнаманың азайғанын байқауға болатынын жеткізді.
«Қазіргі стандарттармен салыстырғанда, 2000 жылдардағы жарнама мағынасыз, тіпті ерсі болып көрінеді. Алайда сол кездегі жарнамада креативтілік көбірек болған. Жергілікті бизнес шағын бюджетке қарамастан жарқын образдар немесе күлкілі болуы арқасында есте қаларлықтай болуға тырысты. Ірі компаниялар да айрықша болуға ұмтылды. Тұран-Әлем банктің, «Цесна» компаниясының, шай өндірушілерінің және т.б. жарнамалық роликтері естеріңізде бар шығар», - деді ол.
Бақтияр Мәкеннің сөзінше, қазақстандық медиа алаңға қазақ тіліндегі жарнамалар көбірек керек.
«Тіл – бұл екінші мәселе. Тәжірибе көрсеткендей, қазақ тіліндегі толықтай жергілікті жарнама жат болып көрінуі мүмкін, егер оны шығарарда дәл осы қазақстандық аудиторияның көңілінен шығу міндеті қойылмаған болса. Қазақстанда ұлттық бірегейлікті насихаттауға деген сұраныс өте жоғары және осыны пайдаланып жатқан брендтердің болашағы зор болады. Копирайтерлер, дизайнерлер және бейнепродюсерлер секілді қазақтілді шығармашылық ресурстарының дамуына инвестициялар қажет. Сапалы қазақтілді таланттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жоғары деңгейдегі жарнамалық материалдарды шығаруға көмектеседі», - деді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрінің сөзінше, қазіргі таңда медиа кеңістіктің коммуникативті рөлінің артуы айқын көрінеді. Ақпарат экономикалық қана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси процестерді дамытудағы ең құнды ресурстардың біріне айналды, өкінішке қарай, олардың теріс контекстінде оны азаматтардың санасына әсер етудің тиімді құралына айналдырды.
«Медиа-сала мамандары тобының жұмысының нәтижелері бойынша негізгі қорытынды бірқатар өзекті міндеттерді, оның ішінде мемлекеттің мемлекеттік ақпараттық саясатқа салымдарының тиімділігіне байланысты міндеттерді шешетін ұлттық медиа-өлшемдер панелін құру қажеттілігі болды.
«Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, ауылдық елді мекендердің аудиториясы мен интернет-кеңістікті қамтитын кешенді медиа панельді құрудың арқасында елдің жарнама саласы Қазақстандықтардың медиа қалауы туралы сапалы жаңа деректерді ала алады, бұл тауарлар, жұмыстар мен қызметтер нарығында жылжыту тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді», деді Қанат Ысқақов.