$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.05.2023, 18:00
Қоғам

«Әйелімнің еш кінәсі жоқ»: танымал әзілкеш неліктен бала сүйе алмай жүргенін айтты

Блогердің қазіргі уақытта ем қабылдап жүргені белгілі болды

«Әйелімнің еш кінәсі жоқ»: танымал әзілкеш неліктен бала сүйе алмай жүргенін айтты

«Колобок» лақап атымен танымал белгілі блогер, әзілкеш Елдос Кәдірханов журналист Аман Тасығанға сұхбат беріп, оқырмандар тарапынан жиі қойылатын сұраққа ашық жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Отбасылық контент түсіріп жүрген блогер неліктен әлі күнге дейін балалы бола алмай жүргенін айтты.

«Қай дәрігердің есігін қақсам да, еститінім бір диагноз. Кінә ер адам жақтан, яғни менен. Менің денсаулығымда болып жатқан проблеманың кесірінен бізде қазір бала жоқ. Бұл диагнозбен менің жүргеніме 10 жыл болды. Пендеміз ғой, бал аштыруға да барғанбыз. Ол жерде де «сен бала асырап алсай, сенде болмайды» деген. Дәрігерлер да соны айтты», - дейді Елдос Кәдірханов.

Блогер бұған дейін бұл сырын ешкімге айтқан емес. Сондықтан болар, оқырмандар тарапынан түрлі ұсыныстар да түскен екен.

«Тоқал алсай... мен туып берейін...» дегенді де жазатындар бар. Біздің қандай сынақтардан өтіп келе жатқанымызды ешкім білмейді. «ЭКО-ға барсай» дейтіндер көп, ЭКО-ға барып келу олар үшін демалысқа барып келу сияқты көрінеді. ЭКО-ға барып шешілетін нәрсе болса, біз бұрында-ақ шешіп қояр едік. Ұйқысыз түндерім көп болды деп айта алмаймын, бірақ «әттең-ай, бекер үйлендім» деген кездерім болды. Үйленетіннің алдында да мен бұл мәселе бойынша әйеліммен отырып сөйлестім, оған ашып айттым. Мен біліп тұрып, айтпай, үйленіп алғаным дұрыс емес. Әйеліме «Алла разы болсын» деп айтатыным, ол «кетемін» демейді. Кінәлі болып тұрып, осылай өмір сүру қиын негізі. Сол нәрсені халық білмей, әйеліңді табалай берсе, ол да жаман. Әйелімнің еш кінәсі жоқ. Оқырмандарға өтінішім – әйелімді табалай бермесе екен», - деп ағынан жарылды ол.

Белгілі болғандай, әзілкешке мұндай диагноз 10 жыл бұрын қойылған екен.

«Ауырдым, операцияға түстім. Дәрігерлер «үлгердің келіп, әйтпесе өліп кетер едің» деді. Операциядан шыққаннан кейін дәрігерлер «сенде бедеуліктің белгілері бар» деді. Ол кезде жасым 21-де, қазір 31-демін», - деді блогер.

Бүгінде ол шетелдік дәрігерлердің кеңесімен ем алып жүргенін мәлімдеді және алдағы уақытта балалы болудан еш үмітін үзбейтінін жеткізді.

«Менің арманым – үйге кірген кезде баламның «папа» деп алдымнан жүгіріп шығуы. Маған ақша, дүние - ол маңызды емес. Мен ақшасыз да өмір сүргенмін. Мен балалы болуды армандаймын және соған жетуге әрекет етемін. Қазіргі арықтап жатқаным да осыдан, дәрігер семіздіктің де әсері бар екенін айтты. Мен әлі де арықтап жүрмін. Мен қазір мүмкіндігім бар кезде, бәрін жасаймын. Әйелімнің алдында менің де бетім ашық болсын. Балалы болу үшін мен де, ол да барынша тырысып жатырмыз», - деді әзілкеш.

Серіктес жаңалықтары