СҚО-да бұрын тергеуші болып істеген зейнеткер 45 млн теңге параға қатысы бар деген күдікпен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысты жасырды деген күдікпен экономикалық тергеу қызметінің бұрынғы қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның бұрынғы қызметкеріне Петропавл ауыр машина жасау зауытының лауазымды адамдарының 45 млн теңге көлемінде пара алғанын біле отырып, бұл фактіні азаматтық-құқықтық мәміле деп жасыруға тырысты деген айып тағылды.

«Адвокаттық қоғамдастықтан келіп түскен өтініштерге байланысты ведомствоның экс-қызметкері Д.Тампиев зейнетке шыққаннан кейін адвокаттық практикамен айналысатынын, астаналық адвокаттар алқасының мүшесі екенін растаймыз. Алайда, ұстау кезінде ол осы қылмыстық іс бойынша қорғаушы мәртебесіне ие болмады және әлеуметтік желілерде айтылғандай, процеске қатысушыларға адвокаттық қызмет көрсеткен жоқ», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Д.Тампиев және пара алды деп күдікке ілінген тағы 2 адам соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Істің мән-жайын анықтау үшін, сондай-ақ заңды және негізделген процессуалды шешім қабылдау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сай өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабына сәйкес Д.Тампиев пен басқа да айыпталушылар қылмыс жасаудағы кінәсі анықталып, сот үкімі заңды күшіне енгенше кінәсіз болып саналады.