АШМ-ның субсидиялаудағы жаңа ережесі: шаруалар ет бағасының қымбаттауы мүмкін екенін айтты

Шаруалар бұл өзгеріс субсидиялаудың сегіз пунктін жоятынын айтып отыр

АШМ-ның субсидиялаудағы жаңа ережесі: шаруалар ет бағасының қымбаттауы мүмкін екенін айтты

Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа ережелері мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауды едәуір төмендетеді деген бір топ шаруа бұл өзгерістерге қарсылық танытып, өз уәждерін айтты. Олардың мәліметінше, ұсынылған ережелерге сәйкес, ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын қолдауға арналған 8 пунктті қысқартып отыр, деп жазады Azattyq Ruhy

Шаруалар сегіз бағыт дейді, АШМ екі бағыт дейді: субсидиялаудың жаңа ережесі қандай өзгерістерді көздеп отыр?

Елордада мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың жиыны өтіп жатқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты ресми ақпарат таратты. АШМ-ның мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда мемлекеттік қолдау ретінде мал шаруашылығы саласына 556 млрд теңге жұмсалған.

«Оның ішінде етті мал шаруашылығын дамытуға 211 млрд теңге бөлінді, бұл субсидияның жалпы көлемінің 38% құрайды. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 107,6 млрд теңге бөлу көзделген, оның ішінде етті мал шаруашылығына 42,2 млрд теңге бөлінді, бұл жалпы соманың 39% құрайды», - делінген АШМ-ның ресми мәліметінде.

Жиынға келген фермерлер «АШМ бұл өзгерістерді талқылар кезде шаруалармен ақылдасқан жоқ» десе, министрлік «сараптамалық қоғамдастық, салалық қауымдастықтар мен палаталардың өкілдерімен бірлесіп, субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасын әзірледі», - деп ресми мәлімет таратып отыр.

Осылайша, АШМ мал шаруашылығының қолданыстағы  субсидиялаудың 7 бағытының 2 бағыты жойылады десе, шаруалар субсидиялаудың жаңа ережесі сегіз бағытты тоқтатады дейді. Атап айтсақ, «Герефорд» тұқымы бойынша республикалық палатаның директоры Ерлан Өмірзақовтың мәліметінше, АШМ тек екі бағыт жойылады дегенімен, шын мәнінде өзгеріс субсидиялаудың сегіз пунктін жояды. 

«Бұл өзгерістер ет шаруашылығындағы 21,6 мың шаруаға әсер етеді. Осы шаруаларға енді шамамен 32 млрд теңгеден астам қаражат субсидия жетпейді деген сөз. Бұл туралы министрлік жақ ашпайды. Олар тек үш позиция бойынша субсидияны алып тастаймыз дейді, бірақ, соның кесірінен фермерлерге шамамен сегіз позиция бойынша субсидия төленбей қалуы мүмкін. Мен ол бағыттарды атап айтайын. Мәселен, бұрын шаруаларға аванспен төлем жасалатын. Енді бұл тетік тоқтамақ. Екінші позиция: аналық сиырлардың импорты, ол да жаңа ережеге сай тоқтайды. Үшінші позиция – бұрын бұқа сатып алуға қаражаты жоқ шаруалар бұқаны басқа шаруалардан жалға алатын, яғни, осы бағытқа да субсидия берілетін. Енді бұл тетік те жойылмақ. Сонымен қатар, малын жайлауға шығаратын шаруаларға далаға орнататын вагондар үшін берілетін субсидия, жасанды су қоймасын жасауға берілетін субсидия, қолмен ұрықтандыруға берілетін субсидия да тоқтайды», - деп мәлім етті Ерлан Өмірзақов.

«Ақбас бұқаны жалға алуға берілетін субсидия – жемқорлық көп саланың бірі»

Ал АШМ болса, субсидиялаудың жаңа ережесі жемқорлық ең жиі кездесетін бағыттардан жойылды дейді. «Мәселе жемқорлық ең жиі кездесетін түрлер туралы болып отыр: асыл тұқымды тұқымдық бұқаны ұстау (бұқашықтарды жалға алу) және тұқымдық тегіне сәйкес келетін импортталған аналық ірі қара мал басын сатып алу», - деп хабарлады АШМ-ның баспасөз қызметі.

Бірақ, Батыс Қазақстан облысынан келген шаруа Әлішер Мағзұмов бұл өңірдегі ұсақ шаруалардың біразы осы ақбас бұқаларды жалға беру арқылы күн көріп отырғанын айтады.

«2017 жылдан бері қазақтың атақты Ақбас бұқа тұқымын өсіріп келемін. Батыста үш мыңға жуық шаруашылық бар. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы кооперативтері бар. Бәріміздің басымызда шешімін таба алмай келе жатқан мәселе бар. Бағып отырған малымды тастап, елордаға келген себебім – субсидиялаудың жаңа ережесі туралы ойымды айтқым келді. Атап айтсақ, субсидиялаудың жаңа ережесінде мынандай өзгеріс бар: қазақтың ақбас тұқымды бұқаларын жалға беру тетігін алып тастамақ. Бірақ, біздің батыста екі жүзге жуық шаруа қожалық осы бағдарлама бойынша асыл тұқымды бұқаларын жалға беріп, күн көріп отыр. Жалпы, министрлік ережені жиі өзгертеді. Ал мал шаруашылығында қандай да бір нәтижеге жетіп, пайда көру үшін кемі үш жыл уақыт керек», - дейді  Әлішер Мағзұмов.

«Соңғы төрт жылда ереже алты рет өзгерді»

«Герефорд» тұқымы бойынша республикалық палатаның директоры Ерлан Өмірзақов жалпы ауыл шаруашылы саласын субсидиялау мәселесі әуел бастан теріс жүйемен келе жатқанын айтып отыр. Өйткені, шаруалардың айтуынша, АШМ ережені шынымен тез өзгертеді, ал алдыңғы өзгерістің нәтижесін енді көремін деген шаруа жаңа ережеге үйренгенше, уақыт та, алдыңғы инвестиция да зая кетеді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ережені соңғы төрт жылда алты рет өзгертті. Білесіздер ме, біздің салаға соңғы жылдары бір де бір халықаралық инвестор келмеген. Өйткені, бұндай тұрақсыздыққа ешкім де и нвестиция салғысы келмейді», - дейді Ерлан Өмірзақов.

Әріптесінің осы сөзіне қосылған Әлішер Мағзұмов та «шаруамызбен айналысудың орнына АШМ жақтан тағы қандай өзгеріс шығады екен» деген уайыммен күн кешіп келеміз дегенді алға тартып отыр.

«Біз көктемде жем-шөп дайындаудың орнына, «субсидия заңы қашан қабылданар екен, келесі субсидия заңына дейін тағы бірдеңе өзгеріп кетпей ме екен» деген уайыммен жүреміз. Неге? Өйткені, әлі ала алмай келе жатқан субсидияларымыз бар», - дейді Әлішер Мағзұмов.

Субсидия алуға баратын шаруа тозақтың тоғыз отын айналады

Оның үстіне, Ерлан Өмірзақов мемлекет субсидия бөліп жатса да оны таратын ұйымдар шаруаларды құдды бір қайыр сұрап келетін адам ұқсап қарсы алады деген назын айтты.

«Кез келген фермердің мұңын тыңдап көріңізші, субсидия алуға баратын шаруа тозақтың тоғыз отын айналады. Бізде субсидия беретін екі ұйым бар, соның бірі мысалы Аграрлық несие корпорациясы. Осы ұйымға субсидиясының құжатын тапсырып қойған бір шаруамен сөйлестім. «Құжатымды қыста тапсырғанмын, кепілге қоятын дүниелерімнің де құжатын тапсырдым. Ал Аграрлық несие корпорациясы оларды қыстан бері әлі тексеріп жатыр. Мен ол ұйымның бір  кедей туысы сияқтымын, ал ол ұйым болса, бай туысқаным сияқты менсінбей қарайды. Мен ол ақшаны тегін алып жатқан жоқпын, үстіне пайыз қосып қайтарамын», дейді. Әлгі қарапайым шаруаның осы субсидия үшін үйінде тіпті жанжал да туындаған екен. Өйткені, ол көктемде шаруашылығын кеңейтпек болған, бірақ, қаражатын әлі алмай отыр.  Ең қызығы, ертең күз келіп, жылды қорытындылап, ақшаны игеру басталғанда, олар әлгі шаруаға ақшаны тыға бастайды. Ал ол кезде шаруаға ол ақшаның керегі болмайды. Міне, біздің шаруаларлың көріп жүрген күні осы», - дейді Ерлан Өмірзақов.

«Ақбас бұқа» тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев болса мәселені қорытындылай келе, шаруалардың мақсаты – мәселені шешу, ақылдасу және оның шаруаларға тиетін жағымсыз салдарының алдын алу дейді.

«Соңғы он жылдың ішінде динамикалық көрсеткішке тоқталсақ, осы соңғы он жыл ішінде биыл бірінші рет аналық бастардың динамикасы теріс нәтиже көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жасап жатқан бағдарламасымен келіспейміз. Естеріңізде ме, тоқсаныншы жылдары еттің бағасы тым арзандап кеткен еді. Енді субсидиялаудың жаңа ережесі қабылданса сол жағдай қайталануы мүмкін. Неге тоқсаныншы жылдары ет бағасы арзандады? Өйткені, көп мал басы етке кетті, шаруалар солай істеуге мәжбүр болған. Енді субсидиялаудың осы ережелері қабылданса, шаруалар тағы да мал ұстаудан шығын көретін болғандықтан, оны жаппай сойып сатады да өнім көп болған соң ет арзандайды. Бірақ, баға уақытша арзандайды да артынан шарықтайды. Біздің бар айтқымыз келетіні осы», - дейді «Ақбас бұқа» тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.