Ақпанда қақтығыс болған Масаншы ауылында 600 орындық жаңа мектеп қолданысқа беріледі
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысының Қордай ауданына барып, жергілікті тұрғындармен, депутаттармен және партияның жергілікті өкілдерімен кездесті.
Еске салсақ, 8 ақпанда түнде Масаншы ауылында жаппай қақтығыс салдарынан 11 адам қайтыс болған еді, жүзден астам адам жарақат алды. Сондай-ақ, отыздан астам үй, 17 сауда нысаны, 47 автокөлік өртеніп кетті. Этникалық мыңдаған дүнген Қырғызстан шекарасынан өтіп кетіп, кейін қайта Қордай ауданына үйлеріне оралды.
Б.Байбек болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керектігін айтты.
«Мұнда жақында орын алған оқиға тек халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін тағы бір рет есімізге салды. Қордай ауданына арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ, барлық этникалық топтардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», - деп жазды Бауыржан Байбек өзінің Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қордай тұрғындары ақпанда болған жайтты ұмыта бастаған, оларды қазір инфрақұрылым мәселесі көбірек алаңдатады екен.
«Жергілікті билік берген мәліметтер бойынша, таяу арада ауданның инженерлік инфрақұрылымдары жаңартылып, жаңадан 3 мектептің және кезекте тұрғандарға арнап 50 пәтерлі түрғын үйдің құрылысы басталады. Мәселен, биыл Масаншы ауылында 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа мектеп бой көтергеннен кейін осы ауылдың мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесі толық шешіледі», - деді Бауыржан Байбек.