Көлікте үш жолаушы болған
Павлодар облысында жолда ұйықтап кеткен такси жүргізушісі патрульдік көлікке соғылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ішкі істер министрлігінің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты бүгін «Омбы-Майқапшағай» автожолында болған. Аққулы ауданындағы Шарбақты ауылының маңында Skoda Superb жүргізушісі жылдамдық режимін сақтамай, Skoda Rapid патрульдік автокөлігімен соқтығысты. Таксиде үш жолаушы – 26 жастағы өскемендік, Абай облысының 21 жастағы тұрғыны және 2013 жылы туған кәмелетке толмаған астаналық болған. Үшеуі де медициналық көмекке жүгінді.
Такси жүргізушісі жолда ұйықтап кеткенін айтты. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар Павлодар облысының полиция департаменті қызметтік автокөлікке материалдық залалды өтеу бойынша сотқа жүгінуге ниетті.
Айта кетері, 610-бапта жол ережесін бұзу кезінде мүлiк бүлінсе 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет үшін 40 АЕК (138 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк жүргізу құқығынан айырады.