Ол мемлекеттік қызметтен шеттетілді
Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Мәншүк Аймұрзиеваға 5 млн 50 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаровтың айтуынша, Аймұрзиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
«Мәншүк Аймұрзиева «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» ММ-іне қарасты тиісті шараларды қолданбаған. Өз жұмысына салғырт қараған. Соның салдарынан соңғы жылдары перзентханада жаңа туған нәрестелердің өлімі жиі тіркеліп, инфекция тараған», - деді Данияр Бекайдаров.
Істі болған Мәншүк Аймұрзиева өмір бойы мемлекеттік қызметте басшылық лауазымда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазанында Атырау облысының перинаталдық орталығының дәрігерлерінің тірі туған сәбиді мұздатқышта сақтап өлтірген дерегі анықталды. Ақ халаттылар жаңа туған сәбидің өліміне қатысты жайтты жасырмақ болған. Осы сұмдық оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваны дереу қызметінен алуды ұсынған болатын.