БҚО-да 200 адам «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқуын аяқтады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде 90 күннен астам уақыт несиесін төлей алмай жатқан 1,5 миллиондай адам бар

«AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасын іске қосқан болатын.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданында  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жоба қатысушыларымен кездесіп, қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламасы бойынша оқуын аяқтағаны туралы сертификат табыстады.

Алтай Көлгінов «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығына тоқталып өтті. Ол қаржылық сауатсыздық еліміздегі әлеуметтік мәселелердің бірі саналатынын алға тартты.

Ал партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев  «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруға еліміздегі несие алушылар санының жылдан жылға өсуі түрткі болғанын атап өтті.

«Елімізде 90 күннен астам уақыт несиесін төлей алмай жатқан 1,5 миллиондай адам бар. Жалпы, БҚО-да бірінші топта 7 аудан бойынша 200-ге жуық адам оқуын аяқталы. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды, несие алу ережелері мен қайтару жолдарын, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеуді және кәсіп ашу мүмкіндіктері бойынша ақпарат алады» - деді ол.

Сондай-ақ, оқу барысында қаржы мамандарынан бөлек заңгерлердің де көмегі ұсынылады. Олар әр тұрғынның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін азайту бойынша құқықтық кеңестер береді.

Жоба биыл мамыр айында басталып,  қараша айына дейін жалғасады. Кез-келген ниет білдіруші жобаға қатыса алады. Тіркелу үшін тұрғылықты жердегі «AMANAT»-тың аудандық филиалына хабарласу қажет.