Рухани кеште Қазақстан атынан танымал имам Нұрлан Байжігітұлы сөз сөйледі
Орта Азияның ең беделді діни ұстаздары Мәскеуде өткен Халықаралық рухани кездесуде бас қосты. Тоғыз сағатқа созылған жиынға үш мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Рухани кеште Өзбекстан Республикасынан танымал ұстаз Саид Рахматуллох Термизий, Қырғыз елінен беделді дін ғалымы Садыбакас ажы Доолов, Убайдулла ажы Сарыбаев, Ресейдің қоғам қайраткері Руслан Курбанов, Мәскеу Мемлекеттік Университетінің профессоры Ашик Саид Конирбаев және Қазақстан атынан ғалым, ұстаз Нұрлан Байжігітұлы Асанов сөз сөйледі.
Рухани кеште халықтар достығы, бейбітшілік пен махаббат, адалдық пен еңбек, отбасы қағидаттары жайында уағыз-насихаттар жүргізілді.
Бірнеше елдің дін өкілдері бас қосқан үлкен жиында Нұрлан Байжігітұлы қазақстандықтардың атынан алғыс айта отырып, Рухани кеште тарихи достығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, танымал имам бір мұсылман - мың мұсылманның айнасы екенін қатаң ескертті.
«Лондонда жұма намазын оқуға бара жатқан мұсылманға кондуктор 10 фунт стерлинг артық қайтарады. Әлгі мұсылман оны қайтарып берерін не өзінде қалдырарын ұзақ ойланып, ең соңғы аялдамаға келгенде ақшаны кондукторға артық беріпсіз деп ұсынады. Сонда әлгі кондуктор “Ей, мұсылман, мен артық ақша бергенімді білемін. Тек сендердің адалдықтарыңа көз жеткізгім келген еді” дейді. Сонда мұсылман автобустан түсіп бара жатып, маңдайындағы терін сүртіп: “Уфф… бүкіл мұсылманды 10 фунт стерлингке сатып кете жаздаған екем” дейді», деп сөзін жалғастырды Нұрлан Байжігітұлы.