МӘМС жүйесінде емге мұқтаждығы жоқ адамның ақшасы мұқтаж адамға жұмсалады – ДСМ өкілі

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Бұл туралы ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева мәлім етті

Фото: sputnik.kz

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қаражат адамның шотында қор ретінде жиналып тұрмайды, мұқтаж емес адамның ай сайын аударып отырған қаражаты мұқтаж адамды емдеуге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен брифинг кезінде журналистер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында азаматтар тегін алуы керек қызметтің кезегін айлап күтетіні, кейде шағым түсіргеннен кейін ақылы түрде ұсынылып тұрған қызмет тегін де қолжетімді бола қалатыны туралы сұрақ қойды. Бұл сауалға ДСМ тарапына екі маман жауап берді. Алғаш болып сөз алған МӘМС медициналық қызметтер сапасын бақылау департаментінің директоры Ләззат Жұманованың айтуынша, азаматтар тарапынан келген өтініш-арыздар алдымен мұқият тексеріледі.

«Бізге осындай шағымдар түсіп тұрады. Шағым түскен кезде біз жоспардан тыс мониторинг жүргізіп, қызмет алушыға қызмет уақытында көрсетілмегенін зерттеп, қараймыз. Егер де шағым орынды болса, шағымы дәлелденсе, медициналық көмек көрсетіп отырған сол мекемеге өзіміздің тиісті шараларымызды қолданып, айыппұл саламыз. Медициналық ұйымға бір жылға арналып өзінің шарты бойынша қаражат бөлінеді. Ол он екі айға бөлінеді. Яғни, мекеме жоспарлы көмекті дәл сол күні көрсетуге міндетті емес. Жоспарлы көмекті бірнеше күннен кейінгі кезекке қойылуы мүмкін. Ал, егер көмек жедел түрде көрсетілуі керек болса, жедел түрде көрсету керек», - деді ол.

Ләззат Жұманова МӘМС жүйесіне қатысты арыздар 1406 телефонына, қордың ресми сайты арқылы қабылданатынын еске салған соң, ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева сауалдың жауабын толықтыра кетті.

«Біріншіден, барлық медициналық көмек жоспарлы және жедел көмек деп екіге бөлінеді. Шағымданушылардың көбінің мәселесіне қарасақ, ол емханада көрсетілетін қызметтерге байланысты сияқты. Бізде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы бұйрығы бар. Бұйрықтың 13 тармағына сәйкес егер медициналық ұйым қандай да бір тізімде көрсетілген көмекті көрсете алмайтын болса, ол әлеуметтік сақтандыру қорының базадағы медицинадық ұйыммен келісімшартқа отыру арқылы жібереді», - деді Әсел Қыдырәлиева.

Оның айтуынша, қазақстандықтар келесі қағиданы естен шығармау керек.

«Біз мынаны ұмытпауымыз керек: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясындағы көмек халықтың солидарлық жауапкершілігі негізінде жасалған жүйе. Бұл – біріншіден. Екіншіден, ай сайын төленіп жатқан жарналар қор ретінде жиналмайды: бұл азырақ мұқтаж адамнан көбірек мұқтаж адамға жұмсалады. Яғни, қажет емес (медициналық көмек) адамнан мұқтаж, науқас адамға қарай жұмсалатынын ескерткім келеді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов сақтандыру қорының жұмысын сынға алып,  азаматтар «тегін тексерілсе, үш ай, ақылы тексерілсе үш күн» күтеді деген еді.