Жетім балалардың жайы: баспана мәселесі қашан шешілмек?
Елімізде көңілі жарымжан 62 351 адам баспана кезегін күтіп жүр
Елімізде баспана кезегін күтіп жүрген жетім балалар саны жыл санап артып барады. Өткен жылдың қазан айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті келтірген мәліметке жүгінсек, көңілі жарымжан 61 мың адам баспана кезегін күтіп жүрген. Арада жарты жыл өтер-өтпес уақытта олардың қатары 62 351 адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кезегін күтіп жүрген жандар қатары күн санап артпаса, кеміген емес. Кезек сол қалпы, жылжитын емес. Баяғы жартас, сол жартас.
Жуырда Алматы қаласында орналасқан №1 Балалар үйінде бір топ жас қайырымдылық шарасын өткізіп, осы жиынның басы-қасында біз де бірге болдық. Мұндағы балалардың алды кәмелет жасына жетіп, әне-міне «ұясынан» ұшайын деп жүрген сәт. Ал сүт кенжесі – 4 жасар бүлдіршін. Балалардың жүзінен өмірге деген өкпенің, ата-ана қамқорлығынсыз өскенінің ізі де білінбейді. Қайта мұнда бас сұққан адам балалардың бойынан қуанышты, өмірден өз орнын тауып, қоғамның бір мүшесі болуға деген ұмтылысты байқайды.
Мұнда қазір 80-нен аса бала тәрбиеленіп, мемлекет қамқорлығында өмір сүріп жатыр. Күнделікті мектебіне, колледжіне барып, дәріс алған соң жатақханасына келіп, ары қарайғы тіршілігін жалғастырады. Ғимарат ауласында ойнауға болатын арнайы алаңқай, футбол алаңы, ал жатақхана ішінде үстел теннисі секілді түрлі жағдай қарастырылыпты. Ертеректе теледидардан көрсетілетін 90-шы жылдардағы жағдай келместің кемесіне мініп, толықтай өзгерген.
«Өзімізді үлкен бір отбасы секілді сезінеміз. Бәлкім тағдырдың жазуымен әрқайсымыздың биологиялық әке-шешеміз бөлек болған шығар. Бірақ бұл жерде бір-бірімізге аға-бауыр, іні-қарындас ретінде көпбалалы отбасының бір бөлшегі секілді сезініп жүрміз. Әрқайсымыздың арманымыз сонау Хан Тәңірінің шыңындай. Үлкен-үлкен биіктерді армандаймыз. Мысалға Санжар пилот болып, алып ұшақтарды тізгіндегісі келеді. Ал Виктор әскери адам болуды бала күнінен армандап келеді. Әскер қатарына шақырылған соң ары қарай келісімшартпен қалуды, осылайша Отанымыздың тыныштығы жолында еңбек етуді жоспарлап жүр. Ал өзім IT саласында білім алып, ары қарай осы бағытта қызмет етіп, еліме пайдасы тиер үлкен бір компания ашқым келеді. Әлемге танымал Google, Microsoft, Facebook секілді компаниялардың негізін қалағым келеді. Екі жылдан кейін 11-сыныпты аяқтаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қазірден бастап дайындалып жүрмін. Математикаға деген қабілетім жақсы. ҰБТ-дан кемінде 135 балл аламын деп ойлаймын. Балалар үйінде компьютер кабинеті бар. Ютубтан түрлі дәрістерді көріп, өз бетіммен IT кодтарын жасауды меңгеріп жүрмін», - дейді Павел есімді бозбала.
Рас, армандары үлкен. Әрқайсысының алға қойған жоспары орындалып, өмірден өз жолын тауып, бақытты болса екен деп тілейсің. Дегенмен қанша жерден күлімдеп, езулерінен күлкі кетпесе де есейіп қалған қыз-жігіттердің көзінен білінер-білінбес мұң байқалады. Екі-үш жылдан кейін кәмелет жасына толып, балалар үйінен кеткен соң қалай күн көремін деген ой мұңды жанарынан сезіледі. Себебі дайын тұрған үй жоқ. ҰБТ сынағынан күтпеген жерден сүрініп қалса ЖОО-ларға кепілдендірілген білім гранты да жоқ. Ал Алматыдағы пәтер жалдау құны бәрімізге мәлім. Бір бөлмелі пәтердің жалдау құны былтыр күзде Ресейдегі мобилизациядан кейін арзандаған емес.
Ақырындап сыр бөліспек болып, бойжетіп қалған Саяжан есімді қыз баламен әңгіме өрбіткенімізде баспана мәселесін қозғап қалды.
«Былтыр желтоқсан айында 16 жасқа толдым. Бір-екі жылдан кейін үлкен өмірге қадам басамын. Бірақ алда-жалда ЖОО-ға түсе алмай қалсам қайда барарымды білмеймін. Балалар үйінен шыққан соң дайын тұрған үйіміз жоқ. Қолымнан келгенше ЖОО-ға білім грантын жеңіп алуға тырысамын. Жатақханадан орын алсам, оқып жүріп, қосымша жұмыс істеп күнімді көріп кетемін», - дейді ол.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында баспана мәселесін ерекше қозғап, әкімдікке тиісті тапсырмалар берген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев сол жолғы сапарында балалар үйінен шыққан жастарды ерекше атап көрсетпегенмен, берілген тапсырмасы уақытылы орындалар болса, аталмыш санаттағы жастарға да үлкен көмек болары анық.
«Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы тұрғындарымен кездесуінде.
Иә, баспана мәселесі – еліміздегі өзекті проблемалардың бірі. Ал қамқор болатын ата-анасы жоқ балаларға бұл қиындық екі есе ауыр екені түсінікті.
Ел Конституциясының 27-бабында балалық шақ мемлекеттің қорғауында деп көрсетілген. Заңға сәйкес, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттің қамқорлығында болады.
Балалар үйлерінің, патронаттық отбасыларда өскен және дербес өмірге шығатын, өз баспанасы жоқ түлектері мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндай құқық сөзсіз болуы керек, дейді депутаттар.
«Бүгінгі таңда жетім, ересек өмірге қадам басқан 62 351 адам өз шаңырағын күтіп кезекте тұр. Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде небәрі 8 444 тұрғын үй бөлінді. Бұл тегін баспана емес, оның өзін соңынан сатып алу керек. Яғни, қазіргі жағдайда кезекте тұрғандар да оны әртүрлі бағдарламалар бойынша 120 жылдан кейін ғана сатып алу құқығын алады. Шағын ғана Петропавлдың өзінде есепке алынбаған 1,5 мың пәтердің табылғаны туралы мәліметтер бар, Қарағандыда мемлекеттік қызметкерлердің азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына арналған тұрғын үйлерді заңсыз бөлу фактілері анықталды. Сол сияқты заңсыз бөлінген баспаналар арасында жетімдерге арналған тұрғын үйлер де болуы мүмкін, бірақ оны шенеуніктер уысынан шығарғысы келмейді деген ой қылаң береді. Әлбетте бұл түрлі қиын жағдайларға байланысты жетім қалған бай еліміздің азаматтары үшін әділетсіз. Адамгершілік пен жанашырлықтың құндылығы мен дәлелі – жетімдерге қамқорлық жасау екенін есте ұстаған жөн», - дейді мәжілісмендер.
«Егер кімде-кім бір жетімнің басын сипайтын болса, сипаған жерінің әр шашы үшін сауапқа бөленеді», деген дана сөз бар. Бір топ депутат жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарға жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй және басқа да әдістер арқылы баспана берілуі керек екенін айтып, ел азаматтарының осы санаты үшін түйткілді болған мәселесі шешілуі керек екенін нықтап тұрып жеткізді.
«Мемлекет мойнындағы қарызын балаларына қайтаруы керек! Сонымен қатар, шетелге заңсыз шығарылып, соңғы уақытта елге қайтарылған 670 миллиард теңгенің ішінен жетім жандарға арнап қысқа мерзімде және барлығын бірден тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі табылатынына сенімдіміз», - дейді халық қалаулылары.
Айта кетейік, өткен аптада Мәжіліс қабырғасында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шетелден қайтарылған қаржы туралы пікір білдірген болатын.
«Осы бағыттағы жұмыстар бойынша Бас прокуратураның деректері жарияланып жатыр. Қазіргі кезде 670 млрд теңге қайтарылды», - деген еді Ерұлан Жамаубаев.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға жағдай жасау мәселесі әлі де өзекті күйінде тұр. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар да жоқ емес. Тек жылдамдық жетіспейді. Балалар үйінен шығып, оңды-солын әрең ажыратып жүрген шағында арманы биік жастар білместікпен теріс жолға түсіп, болашағын бүлдіріп алмаса екен деп тілейсің.
Марья Айдарбаева