Ресейден шетелдік азаматтардың келуіне де тыйым салынады
Моңғолияның мемлекеттік төтенше жағдайлар комиссиясы Мәскеу, Ыстанбұл және Нұр-Сұлтанға дейінгі барлық тұрақты рейсті уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
Моңғолия коронавирустың таралуына байланысты Ресей (Мәскеу), Түркия (Ыстанбұл) және Қазақстан (Нұр-Сұлтан) әуежайларына қатынайтын және кері ұшатын барлық жолаушылар рейсін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім 11-28 наурыз аралығындағы кезеңді қамтиды.
Осыған орай, MIAT әуе компаниясы 11-28 наурыз аралығында аталған мемлекеттерден еліне тез оралуы тиіс Моңғолия азаматтарын эвакуациялаумен айналысады. Бұған қоса, Моңғолия азаматтарына Моңғолия – Ресей автомобиль шекара жолы арқылы Ресейге кіруге, 31 наурызға дейін Ресейден шетелдік азаматтардың келуіне тыйым салынады.
Сондай-ақ, Ұлан-Батыр – Иркутск – Ұлан-Батыр және Ұлан-Батыр – Мәскеу – Ұлан-Батыр теміржол маршруттары 28 наурызға дейін тоқтатылды.
«Жүк тасымалдары қалыпты режимде жұмыс істейді», - деді Моңғолияның Жол және көліктік даму министрі Энх-Амгалан мемлекеттік төтенше жағдайлар комиссиясы резолюциясына арналған баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Моңғолия коронавирустың таралуына байланысты Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг пен Тайваньға әуе рейстерін уақытша тоқтатқан болатын.