Павлодар облысында 27 ауылға су басу қаупі төніп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс әкімі аудан әкімдері мен жауапты ұйымдарға жағдайды 10 күн ішінде ретке келтіруді тапсырды

Фото: ibirzha.kz

Өңірде биыл қар қалыпты мөлшерден 25 пайызға артық жауған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық әкімдікте көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша өткен жиында төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов бірқатар ауылды су басу қаупі бар екенін мәлімдеді.

«Көктемгі су басу қаупіне әсер ететін факторлардың бірі – биыл жауған қар көлемінің қалыпты мөлшерден 25 пайызға артық болуы. Мұндай жағдай 2017 жылы болған. Көрші облыстармен шекаралас аймақтардағы қар да қауіп төндіріп тұр. Ақмола облысында қардың көлемі қалыпты мөлшерден 70 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 30 пайызға көп. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы жағдай да осыған ұқсас», - деді Ернұр Өтегенов.

Департамент басшысының айтуынша, қар суының салдарынан Павлодар облысының Баянауыл ауданында – 7, Павлодар мен Екібастұз қаласы, Ақтоғай мен Павлодар аудандарында – 2, Ақсу қаласына қарасты 1 ауылға қауіп төніп тұр. Ал су қоймаларының су жіберу әсерінен 11 елдімекен қатерлі аймақ аумағында қалып қоймақ. 

Сонымен қатар, облыстағы 1396 су жіберу құбырларының 530-ы ғана тазаланған. Елдімекендерден 736 мың тоннадан астам қар шығарылғанымен, қар азаймаған ауылдар әлі де көп.

«Су тасқынымен күрес және оның салдарын жою үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктері 28700 дана қап, 10700 тонна инертті материал, 108 тонна жанар-жағармай қорын әзірледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған жағдайда тамақтануды ұйымдастыру үшін 88 және мұзды жару жұмыстарына 5 келісімшарт жасалды», - деді департамент басшысы.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов биыл жолдардағы қар тазалау жұмысы тиянақты атқарылмағанын айтып, ескерту жасады.

«Маған тұрғындардан Ақтоғай мен Ертіс аудандарындағы жолда бірнеше күн қар құрсауында қалғандары туралы хат келіп түсті. Ол жолдардың республикалық маңызы болғанымен, жолда қалған адамдар – аудандардың тұрғыны. Одан бөлек, негізгі саналатын Павлодар – Нұр-Сұлтан бағытындағы «ҚазАвтожол» жауап беретін жолды да қар басып қалуда. Демек, қар тазалау жұмысы дұрыс атқарылмаған. Қажет болса, біз бұл мәселені Үкіметтің деңгейінде көтеретін боламыз», - деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімі аудан әкімдері мен жауапты ұйымдарға су басу қаупіне байланысты жағдайды 10 күннің ішінде ретке келтіруді тапсырды.

«Уақытымыз бар кезде мәселелерді шешуіміз керек. Ең қауіпті аумақтан бастап жұмысты қолға алып, әр нысан бойынша фотоесеп бересіздер. Су өткізу құбырларын толық тазалау керек. Егер жолды су шаю қаупі тұрса, айналма жолдарды қарастырып, одан да бөлек қолданатын қосымша шараларды белгілеуге тиіспіз. Алдағы 2-3 күннің ішінде қаптар мен инертті материалдар толтырылсын. Елдімекендерде қар шығарылып, сенбіліктер ұйымдастырылып, жолдар тазалануы қажет», - деді Әбілқайыр Сқақов.