2022 жылғы 3 676 суицидтің әрбір бесіншісін құмар ойынға кірген адам жасаған

Azattyq Rýhy

Депутаттар құмар ойынға кіріп қылмыс жасағандарды уақытша қамауға кететін қаражатты профилактикаға жұмсау керек дейді

2022 жылғы 3 676 суицидтің әрбір бесіншісін құмар ойынға кірген адам жасаған
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Нұрсұлтан Жорабаев

2022 жылы Қазақстанда 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Осылай деп дабыл қаққан бір топ депутат қылмыс жасап, қамауда отырған азаматтарды түзету мекемелерінде ұстау үшін бөлінетін қаражатты құмар ойынның алдын алуға жұмсау керек екенін алға тартты, деп жазады Azattyq Ruhy.

«ҚАРАЖАТТЫ МӘСЕЛЕНІҢ САЛДАРЫН ЕМЕС, СЕБЕБІН ЖОЮҒА БАҒЫТТАУ КЕРЕК»

Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстанда өршіп тұрған проблеманың бірі -  букмекерлік кеңселер, құмар ойындар және интернет желісі арқылы ұсынылатын барлық бәс тігулер туралы мәселе көтерді.

«Жылдам баю туралы жарнама ең алдымен, аз қамтылған адамдар мен жастарды тартады. Осы проблема қайғылы жағдайға айналады, жастардың тағдырын бұзады, салдарынан олардың отбасылары зардап шегеді. Соның салдары қылмысқа алып келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Қазіргі уақытта түзеу және пенитенциарлық мекемелерде 34 702 адам ұсталуда. Бір сотталғанды ұстауға күніне 5 800 теңге жұмсалатынын, жылына 2,2 млн теңге шығын келетінін атап өткім келеді. Осындай адамдарды ұстауға арналған шығыстар жалпы 76,3 млрд. теңгені құрайды. Алайда, көрсетілген қаражатты профилактикаға бөлу және құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу арқылы осы санаттағы құқық бұзушылықтардың өсуін болдырмауға болады», - деп санайды депутаттар.

«ӘРБІР БЕСІНШІ СУИЦИДТІ ҚҰМАР ОЙЫНҒА КІРГЕНДЕР ЖАСАҒАН»

Бұдан басқа, мәжілісмендердің айтуынша, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған.

«Осылайша, букмекерлік кеңселер мен басқа да құмар ойындар қазақстандықтардың өміріне кері әсерін тигізеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі мыналарды құрады: 2020 жылы – 89,7 млрд теңге; 2021 жылы – 501,2 млрд теңге.

2022 жылы –600 млрд. теңгеден астам. Яғни, соңғы үш жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсады, бұл алаңдаушылық туғызатын жағдай», - дейді депутаттар.

«ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ КӨКЕСІН ИНТЕРНЕТТІ АШСАҢ КӨРЕСІҢ»

Мәжіліс депутаттарының пайымынша, Қазақстан үкіметінің барлық букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру туралы шешімі нәтиже берген жоқ. Өйткені, букмекерлік кеңселер әлеуметтік желіде жарнамасын үдетіп, халықты оңай ақшаға тартып жатыр.

«Букмекерлік кеңселер осы күнге дейін адамдарды құмар ойындарға тартып, агрессивті жарнамалық науқан жүргізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Онлайн-казиноға келетін болсақ, онымен күресудің негізгі әдісі – әлеуметтік желілерді, интернет-ресурстарды бақылау, заңсыз материалдары бар сайттарға кіруді бұғаттау. Алайда, осы шара іс жүзінде ештеңені шешпейді, өйткені онлайн-казино жаңа домен бойынша ашылуы мүмкін және бұғаттауды VPN жүйесінің көмегімен айналып өтуге болады», - дейді олар.

Дегенмен, халықаралық тәжірибені зерттеген халық қалаулылары тым болмағанда көршілер Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикаларының осы бағыттағы жұмыстарынан сабақ алайық дегенді меңзеп отыр.

«Біріншіден, бүгінгі күні көршілес Қырғызстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне 2015 жылдан бастап тыйым салынған. Тыйым «халықтың имандылығы мен денсаулығын қорғау» үшін енгізілді. Екіншіден, Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салынады. Бұдан басқа, Өзбекстанның Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерінде құмар ойындарды және басқа да тәуекелге негізделген ойындарды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салатын баптар әлі де бар. Үшіншіден, Оңтүстік Кореяда Корея азаматтарына құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған және олардың құмар ойындарын ойнауға мүмкіндігі жоқ. Елдегі ойын мекемелері кәрістерден басқа барлық адамдар үшін ашық», - дейді ол.

«БӘРІ БІР КӨЙЛЕКТІҢ АҚШАСЫНАН БАСТАЛДЫ...»

Жалпы, психологтар қазір құмар ойынға әуестенгендердің арасында әйел адамдардың да көбейгенін айтып, дабыл қағып жатыр. Яғни, мамандар бала күтіміне байланысты болмаса басқа себептермен үйде отырған аналар әлеуметтік желіні көп пайдаланады да «олар ақша туралы сұраныстардан кейін шығатын жарнаманың» құрбанына айналады.

Осы ретте біз Астана қаласында тұратын, шамамен алты жылдан бері құмар ойыннан шыға алмай келе жатқан екі баланың анасы Ардақ Б. (сұхбат берушінің өтініші бойынша есімі өзгертілді) есімді азаматшаны сөзге тарттық. Оның тағдыры депутаттар мен психологтар ұсынған деректерге дәл келіп тұр.

«Психологтардың әлеуметтік желіде көп отыратын әйелдер осындай жарнаманың құрабын болады дегенге бір жағынан келісемін. Бұл жерде тек аналар ғана емес, студенттер де бар дер едім. Өйткені, студенттер де әлеуметтік желіде көп «отырады» және олар да ақшаға мұқтаж» деп әңгімесін бастаған келіншек алғаш рет онлайн казиноны «әдемі көйлек кию үшін ойнағанын» айтады.

«Оқудың соңғы курсында ойын-сауық кештері көбейді. Жанымдағы студент қыздар әр басқосуға әртүрлі киіммен келіп жүрді. Менің отбасым бай емес, қатты кедей болмаса да, маған апта сайын ауыстыратын қымбат көйлек алып беретін де жағдайда емес еді. Сонымен не керек, «маңызды» бір кешке бару үшін көйлек іздедім. Әлеуметтік желіде сан түрлі көйлекті көзім шалды, бірақ, алайын десем ақшам жоқ. Интернетке «жалақыға дейін ақша керек» деген сұрау салғаным сол еді, маған «оңай ақша беретіндер» көбейіп шыға келді. Онлайн-ставка туралы алғаш рет естідім. Оған тігетін де ақшам жоқ, әлгі сұраудан кейін шыққан «онлайн-займдарды» басып көрдім. Онлайн несие беретін микронесие компанияларының бірі маған лезде 50 мың теңге берді. Оны алып, онлайн-казиноға тіктім. Ұтылдым. Енді әлгі елу мың теңгені «жабу» үшін тағы да онлайн займ алдым. Тағы көрейін деп, онлайн-казиноның басқасын іздедім. Міне, осылай кете берді...»,- дейді Ардақ.

Бойжеткенге сол күні «оңай ақша» да, әдемі көйлек те бұйырмаған. Есесіне, басына бірден бірнеше несие ілінген. Ақша табудың басқа амалын таппаған ол не болса да ұтармын деп құмар ойынды жалғастыра берген.

«Не керек, бір айдың ішінде шамамен алты жүз мыңдай несие алдым. Ол өсіп, бір жарым миллион теңге болды. Әрине, бірден емес, шамамен сегіз айдан соң. Содан, әлгі банктер, коллекторлар хабарласты, не істерімді білмедім. Ақыры, ата-анам қорадағы малын сатып, несиелерімді жауып берді. Мен тұрмысқа шықтым. Енді жаңа өмір бастаймын деп ойладым...»,-деген ол ары қарайғы әңгімесінде көз жасын тоқтата алмады.

«Бірақ, тоқтай алмадым. Бір жыл бойы ойнаған соң қолың соған жүгіріп тұрады екен. Аяғым ауыр болды, бірінші баламды босанған кезде мемлекеттен беретін бүкіл әлеуметтік жәрдемақыны сол құмар ойынға, микронесиелерімді жабуға жұмсадым. Туған балама бір жөргек те алғызбаған бұл құмар ойынның «құдіреті» күшті болып тұр ғой...Ай сайын баламның ақшасын алып, несие жауып жүрдім. Жолдасым басында білмеді, кейін әрине, бәрін түсінді. Ол кезде екінші балаға аяғым ауыр еді. «Қой» деді. Тырысып көрдім, бірақ, бәрі бір ойнай бердім. Қазір кіші балам балабақша жасына жетті, бірақ, жұмысқа шығайын десем, бүкіл шотым бұғаттаулы, жалақымның бәрі осы несиелеріме кететінін ойласам, жұмыс істегім келме         йді. Мен құмар ойынның шырмауына әбден түстім. Бірақ, қазір психолог іздеп жатырмын», - дейді Ардақ.

ҚАЗАҚСТАНДА 350 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЛУДОМАН БАР

Ардақтың проблемасы сияқты мәселелерді зерттеген депутаттар Қазақстан үкіметі осы уақытқа дейін құмар ойынға әуес болғандардың небары 0,5 пайызын ғана құмар ойыннан шеттеткен деді.

«Үкіметтің мөлшерлемелерді есепке алу орталығын енгізу және жеке тұлғаның құмар ойындарға қатысуын шектеу сияқты құмар ойындар мәселелері бойынша қабылдаған шаралары тек құмар ойындарға қатысқан адамдарға қатысты болып отыр. Бұл ретте, тек 1600 жеке тұлға немесе лудомандардың жалпы санының 0,5 %-ы құмар ойындарды шектеді, ал, Қазақстан Республикасындағы ашық дереккөздерге сәйкес 350 мың лудоман бар. Бұл ретте, Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыламайды, ол букмекерлердің барлық спортқа, спорттық іс-шараларға демеушілік жасайды, сондай-ақ салық төлейді деп сілтеме жасайды», - дейді депутаттар.

«ОЙЫН БИЗНЕСІНЕН ТҮСКЕН САЛЫҚТЫ ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРБАНДАРЫН ЕМДЕУГЕ ЖҰМСАУ КЕРЕК»

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылары 109 млрд теңге салық төлеген. Мәжіліс депутаттары осы қаражатты құмар ойынға әуестенгендердің еміне жұмсау керек дейді.

«Бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 млрд теңгені құрайды. Сондықтан дені сау ұлт пен букмекерлік кеңселердің қызметі арасындағы басымдықты белгілейтін болсақ, онда таңдау айқын болуға тиіс», - деген депутаттар мәселені қорыта келе Үкіметке нақты екі ұсыныстарын айтты. Оның біріншісі, заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салу керек. Екіншіден,  интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйе енгізу керек. Үшіншіден, банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салуы қажет.

Сымбат Молдатай

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.