$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2023, 20:46
Қоғам

Қант тапшылығы, делдалдар: дүрлікпенің алдын алу үшін не істеу керек?

Еліміздегі қант тапшылығы мәселесі қайдан туындайды?

Қант тапшылығы, делдалдар: дүрлікпенің алдын алу үшін не істеу керек?

Қымбатшылық, ортадағы алып-сатар делдалдар. Иә, бұл бізде жиі болатын мәселе. Күн жылынып, жер көгерген шақта халық үшін маңызды саналатын өнімнің бірі - қант бағасы шарықтап кететіні рас. Не дүкен сөрелерінен тып-типыл жоғалады немесе бағаны қымбаттату үшін жекелеген саудагерлер тарапынан қолдан жасалады. Ал кейбір өнімдер өндіріліп шыққаннан дүкен сөресіне жеткенге дейінгі аралықта негізгі құнынан бірнеше есе көтеріліп кетеді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрмек.

Өткен жылы қант тапшылығына байланысты дүрлікпе болғаны есімізде. Дүкен сөрелерінен жоғалып, қарапайым халық үшін қат дүниеге айналған еді. Кейбір сауда орындарында баға қымбаттаса, әлеуметтік дүкендерде тез таусылып қалып жүрді. Дүкендерде адам басына бір килодан ғана сатылғаны, ал оған тұрған ұзын-сонар кезек әлі көз алдымызда. Бұл бейне бір кеңес заманын еріксіз еске түсіретін еді.

Сонымен елдегі қант тапшылығы мәселесі қайдан туындайды? Себебін анықтап көрелік. Қазақстандағы қант өндірісін екі санатқа бөлуге болады. Оның біріншісі – жергілікті шикізаттан өндіру – қант қызылшасы өнімі 460-500 мың тоннаны құрайды. Одан 50-75 мың тонна қант алынады. Ал екіншісі – импортты шикі-қанттан өндіру – өнім әрқалай мерзімдерде шамамен 250-400 мың тоннаны құрайды. Naryk.kz басылымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 2016 жылға дейін негізінен осылай өндірілген.

Сол сияқты мынандай проблемалар да жағдайдың ушығуына әкеліп соғады:
Жергілікті шикізаттан өндірілетін қант – қажеттіліктің 10%-ын ғана қамтамасыз етеді;
Өңдеу үшін жеткізілетін шикі-қант көлемінің мардымсыздығы. Оны импорттау 2016 жылдан бастап жоспарлы түрде қысқартылды;

Ресейден жеткізілетін дайын қантқа аса тәуелділік. Қазір Ресейде қант өндірісі мемлекет тарапынан реттеледі және оны сатып алу үшін арнайы рұқсат керек.
Қантты ел ішінде тұтыну көлемі жылына 500-550 мың тоннаны құрайды. 2020 жылдың соңына қарай елімізде құрақтық шикі-қант бойынша өндіру қуаты 360 мың тоннаны, ал қант қызылшасы бойынша 83 мың тоннаны құрады.

Тұтынудың басым бөлігі импорт есебінен қанағаттандырылады. Отандық зауыттар ұзақ жылдар бойы өндіріске шикізат ретінде құрақты шикі-қантты пайдаланып келді.

«Қазақстан құрақты шикі-қантты Бразилиядан АҚШ долларына сатып алады. Ал дайын қант негізінен Ресейден жеткізіледі, рубльмен сатып алынуы мүмкін (өйткені Ресейден жеткізілетін импорттық өнімдердің шамамен 70%-ы рубльге сатып алынады). Бұл ретте шикі-қантты қосымша қаражат және уақыт жұмсап өндіру қажет болса, дайын қантты бірден сатылымға шығаруға болады», - деп жазады аталмыш басылым.


Қазақстандықтар қант тапшылығы мәселесіне қазірден бастап кірісе бастағандай. Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Тұмарқызы өткен жылғы жағдайды есіне түсіріп, биыл ертерек қамдануды жоспарлап отырғанын айтты.

«Былтырғы қант тапшылығы біраз жоспарымды өзгертіп, артық шығын әкелген еді. Бақшамдағы жеміс-жидегім пісіп, қыстың қамына енді кіріскелі отырғанымда дүкен сөрелерінен қант таппай қалдық. Базарда да жоқ. Тапқанның өзінде бағасы қымбаттап кеткен. Бір килосын 1000 теңгеге сатқан сатушыларды да көрдім. Оның өзінде адам басына екі киолграмнан артық сатпайды. Ал базарда жүрсем алыпсатарлар ақырын келіп, сыбырлап кетеді «қант керек пе?» деп. Бағасын сұрасам бір килосы 1300 теңге, көбірек алсаңыз 1000 теңгеге түсіріп беремін дейді. Сонымен амалсыз қымбат бағаға алдық. Ал биыл енді ертерек қамдануды жоспарлап отырмын. Алдағы демалыста базарға барып, екі-үш қап қант сатып алуды ойлап отырмын», - дейді Алматы қаласының тұрғыны.


Ал елордалық Әсемгүл Шәріпқызы былай дейді:

«Былтыр көктемде қанттың бір килосы 300-400 теңге аралығында еді. Аяқастынан қымбаттады да кетті. Не себеп болғанын білмеймін. Тіпті қымбатын да таппай қалған кезіміз болған еді. Жұрт сол кезде дүрлікпе болар алдын жапа-тармағай базар аралап қап-қап қант алып жатқаны есімде. Оның өзі де бағаның күрт қымбаттауына апарған секілді. Биыл 25 кило болатын бір қап қант алсам сол бізге жеткілікті болады. Одан көп алып, биылғы дүрлікпенің туындауына әсер еткім келмейді», - дейді Астана қаласының тұрғыны.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты жауапты министрлерге шүйлігіп, қант бағасын реттей алмағаны үшін сөгіс жариялаған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына сол кездегі Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев іліккен еді.

«Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар – Алматы және Жамбыл облыстарында. Олардың өзі тек үштен бір қуатымен ғана жұмыс істейді. Жүктелімі небәрі 31 пайыз ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе, яғни 7%-дан 43%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда, кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы осы жиында Қазақстанның сырттан келетін қантқа 90 пайыз тәуелді екенін айрықша қозғап өткен еді.

«Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ бұл – бәрібір Үкіметтің зор кемшілігі, яғни мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады. Сондықтан мен министрлер – Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын. Үкіметке шұғыл тәртіпте қант саласын дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеу керек», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жуырда бұл мәселе Парламент Сенатының қабырғасында да көтерілген болатын. Палата депутаты Қайрат Тастекеев Сауда және интеграция министріне осы жағдайға ертерек қамданып, алдын алу жөнінде ұсыныстарын жеткізген болатын.

Сенатор сөз басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсынуды тапсырғанын еске салып өтті.

«Алайда қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өзіндік құнының өсуін тежейтін құралдардың бірі – баға шектерін енгізу болып тұр. «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 9-бабына сәйкес үстемеақы өндірушінің сату бағасының 15 пайыздан аспауға тиіс. Дегенмен, бұл талап барлық жерде сақталмайды. Өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны 10 есе негізсіз өсу фактілері бар, бұл ретте айырмашылықтың басым үлесі азық-түлік дүкендеріне тиесілі болды. Мысалы, егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде бұл тауардың құны 900 теңгеге жетеді. Бағаның көтерілу себебі әкімдіктердің сауда қызметіне тұрақты мониторингінің болмауына байланысты деп санаймын», - деді депутат.

Ол сөз арасында сатушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сауда үстемелерінің мөлшерінен асып кетуіне жол берілмейтіндігі және сол үшін белгіленген әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабы) талабын бұзғаны туралы хабардар болмауы мүмкін екенін айрықша атап өтті.

«Кәсіпкерлердің көпшілігі сауда қызметі саласында заңдардың бар екендігі туралы білмейді, білсе де ескермейді. Белгілі бір кезеңге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жекелеген атауларының бағасын төмендетуге және оларды бұрынғы деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік туды. Алайда, бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны өсуі әлі де байқалады, сауда субъектілері жағдайды пайдалана отырып, қажетті өнімдерден қосымша табыс табады. Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауын тежеу бойынша шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу Үкімет пен жергілікті атқару органдардың құзыретіне жатады (Заңның 6 - 9-баптары)», - деп атап өтті депутат Тастекеев.

Сөз соңында Парламент Сенатының депутаты азық-түлік бағасына жауапты ведомство - Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар ұсынысын жеткізіп өтті.

«Осыған орай, Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақталуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін (өсу салдарымен емес, себептермен күресуге бағытталған) азық-түлік бағасын тежеу бойынша түбегейлі жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Осы тауарларды нарыққа шығарудан бастап, түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі бүкіл сауда процесін цифрландыруға көшіру керек», - деп сенатор Қайрат Тастекеев сөзін аяқтады.

Депутат өз сөзінде әлеуметтік азық-түлік құнының негізсіз өсуі туралы айрықша атап өтті. Бұл ретте бағаның қымбаттауына ортадағы алыпсатарлар үлкен себеп болып отырғанын айта кеткен жөн. Осы мәселе жөнінде алма жемісін кәсібіне айналдырған шағын кәсіпкер Сырымбек Қазыбайұлы жағдайды былайша түсіндірген еді:

«Базар мен шаруалар арасындағы делдалдардың ортадағы табысын шамамен былай есептеуге болады. Базардағы бағаға мән берсек, шамамен 70 пайыз табыс делдалдардың қалтасына түседі. Олар бізден арзанға сатып алып, неліктен базарда қымбатқа сататын анықтап көрдім. Делдал деген бір адам ғана емес, өзгелерді жұмыспен қамтып отырған шағын бір кәсіпкерлік секілді. Қарамағында қызметкерлері бар. Таситын жүк көліктері бар. Ал базарға кірер кезде көтерме саудагерлердің төлейтін ақысы бар. Кіргеннен кейін тұрған орнына төлейтін тағы ақысы бар. Бір қызығы бізден алған тауарларды сол алыпсатарлардың өздері сатпайды екен. Олар апарып базардағы сатушыларға өткізеді. Содан кейін барып қана сөреге шығады. Міне осылай бір алманың өзі бірнеше қолдан өтіп барып қана сатылады. Осылайша негізгі құнынан бірнеше есе қымбатқа сатылады», - дейді ол.


Өзгелердің жұмыспен қамтылып отырғаны әрине жақсы. Бірақ шағын бір топтың мұндай әрекеті бүтін бір халыққа зияны тиюі мүлдем орынсыз. Өткен жылғы қант тапшылығы мәселесіне биыл делдалдар әсер етпеуі тиіс. Жауапты ведомстволар қазірден бастап алдын алу шараларына кірісуі қажет.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары