$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.04.2023, 18:57
Қоғам

«Ауыл аманаты» жобасына бөлінген бір жылғы 100 млрд теңгенің сұрауы кімнен болады?

Осы қаражаттан ауыл кәсіпкерлеріне 2,5 пайызбен несие беріледі

«Ауыл аманаты» жобасына бөлінген бір жылғы 100 млрд теңгенің сұрауы кімнен болады?
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Нұрсұлтан Жорабаев

«AMANAT» партиясының жергілікті атқарушы органдармен бірге жүзеге асыратын «Ауыл аманаты» жобасына биыл 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат аясында ауыл шаруаларына берілетін несиенің мақсатты жұмсалуын, жалпы, ауыл шаруаларына берілетін субсидияның жол ортада жемқорлыққа ұшырамай, тиісті тарапқа жетуін әкімдер қадағалайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНА 320 МЫҢ АДАМДЫ ТАРТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Қазақстанның әлеуметтік дамуы туралы баяндама жасаған премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі басталды деп мәлім етті. Ол әрине «AMANAT» партиясының ілкі жоба ретінде қазір Ақтөбе облысында жүзеге асырып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы. Ең әуелі, 2019 жылы Жамбыл облысының әкімдігі бастаған жобаны жетілдіріп, қазір Ақтөбе өңірінде пилоттық режимде жұмыс істеп жатқан жоба үкімет, тіпті, Президент тарапынан зор қолдауға ие болып, бүкіл ел аумағына дейін масштаб алған. Сондықтан, үкімет жобаны жүзеге асыру үшін биыл бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бөлмек.

«Ауыл аманаты» жобасына биылға 100 млрд теңге бөлінді. Ол 2,5 пайызбен беріліп жатыр. Нәтижесінде ауылдағы 18 мың тұрғын жұмыспен қамтылып қана қоймай, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Бағдарлама аясында 320 мың адамды қамту көзделіп отыр», - деп мәлім етті премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов үкіметтің кеңейтілген отырысында.

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАРҒА САПАЛЫ ЗАҢДАР КЕРЕК»

Жуырда ғана Парламент палаталарының бірлескен отырысында ауылды дамытудың тетіктері туралы тапсырма берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Ауыл аманаты» жобасына айрықша тоқталып, шаруаларға қажет болса, техника сатып алу үшін субсидия берілетінін айтқан еді.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет», - деген еді Тоқаев.

«КЕЙБІР ПЫСЫҚАЙЛАР СУБСИДИЯНЫҢ АРҚАСЫНДА ШАЛҚЫП ӨМІР СҮРДІ»

Ал, Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы субсидия мәселесіне қайта оралған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы субсидия «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді» дегенді меңзеп, субсидияны талан-таражға салғандарды сынға алды. 

«2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия аламын деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына, бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны», - деген еді үкімет мүшелерінің субсидия туралын есеп тыңдағаннан кейін Тоқаев.

«ӘРБІР АУЫЛ ТҰРҒЫНЫНЫҢ СУБСИДИЯ АЛУЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ»

Бұл сыннан кейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында субсидияның мақсатты жұмсалуына кім жауапты болады» деген сауалға өз пікірін айтқан Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының депутаты Қазыбек Әлішев қаражаттың мақсатты жұмсалуын депутаттар, жергілікті әкімдер қосылып, бірге қадағалаймыз деді.

«Жалпы, берілген несиенің мақсатты пайдалануын қадағалайтын ол – ауыл әкімдері. Өйткені, заман талабына сай, қазір ауыл әкімдері менеджерлік қабілетке ие болуы керек. Әкімдер өз ауылында тұратын әрбір адамның қандай кәсіппен айналысатынын біледі. Ал, қаражаттың тиімді жұмсалуын жалпы жаңадан сайланған депутаттар, ауылдағы қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімдері болып бірге қадағалаймыз. Әрбір ауыл тұрғынының субсидия, жеңілдік алуына қол жеткіземіз», - дейді Қазыбек Әлішев.

Жалпы, депутат Әлішевтің айтуынша, ауыл адамдарын кәсіпке тарту үшін «Ауыл аманаты» жобасы таптырмас бастама болмақ. Өйткені жоба аясында берілетін несиенің 2,5 пайыздық ставкасы қол жетімді. Оның үстіне, бұрын басқа бағдарлама арқылы үкіметтен қолдау алған шаруалар «Ауыл аманаты» бойынша өз ұсыныстарын айтып, тіпті, іске асырып кеткен.

«Ауыл аманаты» жобасы бұрын Жамбыл облысында, қазір пилоттық режимде Ақтөбе облысында іске асырылып жатқан бастама. Жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жұмыссыздықты жоюға, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін бағларлама. Мен өзім Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты болған кезде жоба Ақтөбе өңірінде бастау алды. Сонда, баса айта кетерлігі, жобаға жергілікті әкімдіктен басқа, бұрын үкіметтің қолдау шараларына ие болған ірі шаруалар да қолдау білдіріп, жоба аясында «тауарлық несие» атты жаңа бағыт енгізді», - дейді депутат Қазыбек Әлішев.

Яғни, депутат түсіндіріп өткендей, Ақтөбе облысында мал шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» жобасына қатысқысы келетін кіші шаруаларға мал басымен несие берген.

«Осы жобаға қатысуға ниет білдірген шаруалар мал басымен тауарлық несие беруді ұсынды. Бұл жаңа тетік. Мысалы, ұсақ мал шаруашылығымен айналысатын шаруа бір отбасыға отыз қой береді, ал, жаңа кәсіп бастаған шаруа оның қайтарамын бес жылда төл басымен қайтарады. Қошқарларды тауарлық несиенің өтемі ретінде береді де аналық қойларды ары қарай өсіріп, сол арқылы табыс табады», - деп түсіндірді Әлішев.

Анықтама: Ақтөбе облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына облыстағы 24 ауылдық округінің 43 мыңға жуық тұрғыны қатыспақ. Соның ішінде, құс шаруашылығы бойынша 2182 жоба, өсімдік шаруашылығында – 342, шағын бизнес саласы – 224, кооперативтерді жарақтандыру бойынша – 24 жоба қолға алынады. Қаржыландыру 3 млрд теңгені құрайды. Жоба тек ақшалай несие ғана емес, тауарлық несие берумен де ерекше. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беруді жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары тауарлық несие бойынша алған малын төлмен қайтаруы тиіс. Бүгінгі таңда 38 жеке қосалқы шаруашылыққа 577 бас мал берілді.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСУ ҮШІН ӘРБІР АУЫЛҒА СКРИНИНГ ЖАСАЛАДЫ

Ал, бұл жобаның экономикалық мақсаты мен міндетіне талдау жасаған Ұлттық экономика министрлігінің ұсынған ресми мәліметіне сүйенсек, жоба басталатын әрбір ауылға скрининг жасалады. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қатар жүретін «Ауыл – ел бесігі» жобасына әсіресе шекара маңындағы ауылдарды қатыстыру көзделіп отыр.

Яғни, Ұлттық экономика министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, елімізде 65 ауданда 1,7 млн халық тұратын барлығы 1283 шекара маңындағы ауыл бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жоба іске аспақ.

«Шекара маңындағы өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған құралдардың бірі - «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылады. Ол үшін әрбір ауылдық округтің мамандығын айқындай отырып, скрининг жүргізу, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техникамен және жабдықпен лизингке қамтамасыз ету шаралары іске асырылады. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды әрі жедел пысықтайтын болады», - дейді осы мәселе бойынша журналистердің сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

«ІРІ ҚОЖАЛЫҚТАН АЛҒАН ОН БАС ІРІ ҚАРАНЫ ҮШ ЖЫЛДА ҚАЙТАРАМЫН»

Сөз соңында біз «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатқан шаруаларды сөзге тартып көрдік. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы шаруа Нұрсұлтан Бекбауов «Ауыл аманатына» қатысып, ісін бастап кеткен. Нұрсұлтан Бекбауов -  пандемия кезінде табысы азайған адамдардың бірі, өйткені,  көп компания сияқты оның жұмыс орны да жұмыс көлемін азайтып, жалақыны қысқартқан. 

«Менің төрт балам бар, әке-шешем — зейнеткерлер, сондықтан оларды асырау — менің міндетім. Сондықтан, жеке кәсіп бастау үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатыстым.  Жергілікті «Есбол» шаруа қожалығы 10 бас ірі қара берді, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тауарлық несиені 2-3 жыл ішінде қайтаруды жоспарлап отырмын. Ал, осы жыл аралағында мен мал басын бірнеше есеге көбейтіп, ісімді одан әрі дамытқым келеді»,- дейді Мәртөк ауданының тұрғыны.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары