«Үкімет «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» концепциясын тез арада қабылдауы керек»: депутаттар дабыл қақты
Депутаттар нақты ұсыныстарын айтты
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау керек
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаттары Бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімді, суицид пен ұрып-соғу фактілерін өте мұқият тергеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«БАЛАЛАР АРАСЫНДА ОРЫН АЛҒАН ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАР ТӨБЕ ШАШЫМЫЗДЫ ТІК ТҰРҒЫЗДЫ»
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, оған Саты ауылында қаза тапқан екі оқушының ата-анаcs, туыстары хабарласып, тергеудің әділ өтуін, айыпты адамдардың жазалануын талап еткен. Аралбайұлының пікірінше, олардың бұлай өтініш айтуы – халықтың әділ сотқа толық сенбейтінін көрсетсе керек. Жалпы, осы оқушылар арасындағы оқыс оқиғалар туралы мәселені мәжіліс мінберінен көтерген депутат сәуір айында ғана тіркелген жантүршігерлік өлім-жітімдердің хронологиясын тізіп берді.
«Сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жасар қыздың өлі денесі табылды. 9 сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды. Біреуі марқұммен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы, екіншісі 19 жастағы сол ауылдың тұрғыны. Белгілі болғандай күдіктілер жасөспірім қыздан 1 млн теңге бопсалаған.
Алматы облысындағы Саты ауылында орын алған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызды. Алдымен 10 сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Белгілі болғандай, 11 сынып оқушысы 10 сынып оқушысына әлімжеттік жасап ұрған. Салдарынан бала тіл тартпай кетті. Марқұм болған 10 сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы өз-өзіне қол салып қаза тапты. Соңғы хатында ол: «мені досымның қасына жерлеңдер» депті. Күдікті ретінде танылған 11 сынып оқушы қазір үйқамақта екен. Бұл жайтта марқұмның туыстарының наразылығын тудырып отыр. Осы тұста марқұм болған баланың ата-ана, туыстары хабарласып тергеудің әділ өтуін, айыптылардың жазалануын талап етуде. Бұл да болса халықтың тергеуге, әділетті сотқа толық сенбейтінінің көрсеткіші», - дейді ол.
Бұдан өзге, депутат оқушылар арасында буллинг пен әлімжеттікке қатысты фактілер де күн сайын көбейіп бара жатқанын баса айтты. Мысалы, 15 сәуірде Семей қаласында жаттығудан шыққан кәмелет жасына толмаған қызды бір топ қыз жабылып сабаған.
«Одан өзге, Қызылорда облысында 9 сынып оқушысын 5 бала аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алып, миы шайқалған оқушы аудандық ауруханада жатыр. Ағайын арызданған соң Түркістан облысындағы Айнатас ауылына бардым, жұрттың жанайқайын естіп жағамызды ұстадық. Ауылда мектеп болмағандықтан халық балаларын көрші ауылдағы білім ордасына жібереді. Бірақ оқуға кеткен балалар көкала қойдай болып таяқ жеп келеді екен. Тіпті қыста оқушыларды сабап, киімдерін шешіп алып үйлеріне жіберген. Мектептің көрші ауылда екенін ескерсек, Айнатасқа жеткенше оқушылардың нендей күйге түскенін бағамдай беріңіздер», - дейді Нартай Аралбайұлы.
«ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ ЖІБЕРГЕН ҚАТЕЛІКТЕРДІҢ ТҮП-ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ»
Ал, депутат Аманжол Әлтайдың пікірінше, бұндай қорқынышты жағдайлар үшін тек бір тарап қана жауапты болып қалмайды. Яки, баланың тәрбиесін тек мектеп пен оқу орнына тапсырып қою – үлкен қателік. Болашақ ұрпақ мұндай қатігездіктен ада болу үшін біз уақыт жоғалтай, кешенді түрде жұмыс істеуіміз керек дейді ол.
«Нақтырақ айтасам, өз баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балбақшалар мен мектептерде, коледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда,қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте де кінә бар. Енді не істеу керек? Елімізде ізгілікті, қайырым, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет», - деген депутат нақты ұсыныстарын тізіп шықты.
- Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идиология қалыптасуы тиіс.
- Қазақстан Республикасы Үкіметі «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасындағы «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» концепциясын тез арада талқылап, қабылдауы керек.
- Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық-әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан-жақты, әрі шын бағалануы қажет.
- Осы әлеуметтік зерттеулерің нәтижесіне сүйене отырып, Ішкі істер министрлігі өздерінің ұрпақ тәрбиесіне байланысты жоспарларына тиімді өзгерістер енгізуі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызыметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды.
- Орын алған бұзақылық оқиғалар бойынша кінәлі қылмыскерлерге, салғырт қараған полиция өкілдеріне, көз жұма қарап кемшіліктерге жол берген білім бөлімі мен мектеп басшыларына, тәрбиесіз баланың әрекетіне жауапты ата-анаға тиісті шара қолдануын, қатаң жазалауын талап етемін.
- Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс.
- Мәдениет және спорт министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алғаны маңызды. Телеарналарда балар мен жастардың санасына теріс әсер ететін, рухани-тәрбиелік маңызы жоқ хабарлардың эфирге шығуына жол берілмесін. Есесіне танымдық, тағлымдық мағынасы бар сапалы хабарларға мән берілсін. Кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тиым салу қажет.
- Ата-аналар балаларын Tik-tok-тың жетегіне жібермей, бала тәрбиесіне ерекше бән беруі тиіс.
«БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ЗАМАН КӨШІНЕН ҚАЛУҒА БОЛМАЙДЫ»
Ал, Алматы қаласындағы «Шаңырақ» шағын ауданында тұратын көп балалы ана - Бота Жомарттың айтуынша, заманның қазіргі дамуын, ақпараттық кеңістіктегі еркіндікті тоқтату мүмкін емес. Бірақ, заман өзгерген сайын ата-ана да өзгеріп, жетіліп, өзін-өзі дамытып отыру керек. Тіпті, сол депутат айтып отырған Tik-tok әлеуметтік желісін игеріп, баласының қандай контент тұтынып жүргенін бақылауға болады дейді ата-ана.
«Менің үлкен қызым биыл 11-сынып, екінші қызым бесінші сыныпта оқиды, ұлым әлі бастауыш сыныпта. Әрине, кезінде біздің ата-анамыз көбіне сабақ үлгерімізді қадағалайтын, сосын, аядай ғана ауылда тұрған соң, бүкіл достарымызды біліп отыратын. Яғни, осыдан 10-15 жыл бұрын ғана бала тәрбиесіндегі жағдай мүлде басқа еді. Ал, қазіргі ата-ананың жауапкершілігі өте зор. Өйткені, ақпараттық технология дамыған сайын күніне, тіпті, сағатына қабылдайтын ақпарат көп. Балаларымыздың бүкіл оқу процесі электронды форматқа ауысты, оны бақылап отырамыз. Олармен күні бойы сол телефон арқылы ғана байланыс ұстайтын жағдайлар болады, өйткені, қазір балалардың дамып, жетілуі үшін үйірмелер, әртүрлі даму орталықтары бар, сабақтан тыс, соларға апарып, барынша инвестиция саламыз. Мектептен шығып, қосымша үйірмелеріне кеткен баламен күні бойы телефон арқылы ғана байланысамыз деп отырғаным осы. Сонымен қатар, қазір қалада тұратын балалардың араласатын ортасын түгел танып алу мүмкін болмаған соң, біз олардың әлеуметтік желідегі жеке парақшаларын да назарда ұстауымыз керек», - дейді Бота Жомарт.
Бойжетіп келе жатқан қыздарының қандай ортада, нені қызықтайтынын білу үшін анасы үнемі сырласып отырады екен.
«Әрине, баланың да жеке шекарасы бар. Қазір бұл да бір өзекті тақырыпқа айналды ғой, өйткені, ата-ана баласына жамандық тілемейді, сол арқылы ұялы телефонын алып, «мүмкін жасырған дүниесі бар шығар» деп, «ақтарып» отырғысы келеді. Бірақ, балалар, әсіресе, өтпелі жастағы оқушылар оны теріс түсініп, үйде «шу» шығарады. Яғни, ата-анам телефонымды тексерді деп ренжіп, тұйықталып кететін балаларды көріп жүрмін. Міне, қазіргі ата-ананың мойнындағы жауапкершілік үлкен дегенім осы ғой. Оның әлеуметтік желісіндегі контентті тексеру үшін де алдап сөйлесесің, өзің сол желілерге тіркеліп, арнайы бағдарлама арқылы кейде телефонына қашықтан бақылау жасап отырасың. Депутат «баланы әлеуметтік жетегіне жібермеу керек» деп бір жағынан дұрыс айтады. Өйткені, желідегі кейбір трендтер баланың тәрбиесін бұзады дегенге толық келісемін», - дейді бізге пікір білдірген ата-ана.
Ал, өз пікірлерін түйіндеген депутаттар оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг, суицид, әлімжеттік мәселелерін күн тәртібінен түсірмей, ата-ана, оқушы және құзырлы органдар үш жақтап, кешенді түрде жұмыс істесе ғана, оқыс оқиғалардың санын азайтуға болады дейді.
Сымбат Молдатай